Курс қандай дағдыны үйретеді?
Beyond Robotics курсы бағдарламалау, кең ауқымды ойлау, 3D-модельдеу, құрастыру, мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау және командамен жұмыс істеу секілді дағдыларды қалыптастыруға тырысады.
Әр сабақта тақырыпты түсінуге қажет білім мен дағды тізімін дайындаймыз. Бізде робототехниканы алғаш бастап жатқандарға арналған курстар бар (мысалы, Arduino). Сондай-ақ жетілдірілген түрін де ұсынамыз (Жүйке желілері). Осылайша, дағдысы мен білімін түсінген қатысушы өзіне сай курс түрін таңдай алады, — дейді Даниил Филимонов.
Платформаға үй жұмыстары мен прогресті бақылауға арналған тестілер жүктелген. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Онлайн курсқа қатысу үшін BeyondSchool сайтына кіріп, тіркелу қажет. Сосын қатысушы оқығысы келген курсты таңдайды. Видео-сабақ қарап, үй жұмысын орындайды.
Курс қатысушысы Алматыда болып, шын робот құрастырғысы келсе, бірақ оған қажет ресурс немесе құрал болмаса, қаладағы Америкалық бұрышқа баруына болады. Онда курс қатысушысына компьютерді, Arduino жиынтығын және 3D-принтерді сол жерде қолдануға тегін береді, — дейді Даниил Филимонов.
BeyondSchool сайтында Қазақстандағы және әлемдегі робототехника туралы мақалалар (мысалы, робототехника карьерасы, осы саладағы әйелдер) шығып тұрады. Wiki-де 3D-басып шығару нұсқаулығы бар. Даниил жобаның ең қызық тұсы АҚШ-тың жетекші университеттеріндегі робототехника профессорлары және Қазақстандағы осы саланың жетекші мамандары мен тренерлерінің вебинары екенін айтады. Оларды курсқа қатысатын кез келген адам көріп, тыңдай алады.
Курсқа кімдер қатыса алады?
Даниил курсқа кез келген адам жазыла алатынын айтады. Қандай да бір шектеу жоқ. Қазір онлайн курсқа елдің барлық аймағынан 287 адам жазылған.
Робототехника — бұл жас және жан-жақты ғылым, ол алдағы ғасырдың дамуына негіз болады. Бұл салаға инноваторлар қажет. Болашақта дәл осы робототехника мамандарына сұраныс өте жоғары болады. Әр өнертабыс қолданысқа еніп, адамдардың күнделікті өмірін жақсартады. Келешектегі робототехник маман қоғамның дамуына нақты үлес қосып қана қоймай, өзі де үлкен командада жұмыс істеуді үйренеді. Роботын көпшілікке таныстыра алады, сонымен қатар роботтың жаңа ерекшеліктерін біріктіру үшін басқа да пәндерді меңгеруіне мүмкіндік бар.
BeyondSchool 2021 жылдың 16 наурызында ашылды. Жоба авторларының құрамына робототехника бойынша республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен шығармашылық санаттағы Роботтардың дүниежүзілік олимпиадасында Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы болған мамандар таңдап алынды. Beyond Robotics «Шеврон» компаниясы мен MakerSpace Expands жобасы аясында Қазақстандағы АҚШ елшілігі қолдауы арқасында іске қосылған.