Қуаныш 2019 жылы құбыр тазалайтын робот жобасымен Қытайдың Ғылым және Технология Қауымдастығы ұйымдастырған CASTIC-2019 байқауында 2-орын алды. Былтыр ол жобасын патенттеп, автор құқығын иеленді.

Заттардың құрылым-құрылысына қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Атамның гаражында түрлі құбырлардан ойыншық құрастырып, ұзақ ойнайтынмын. Мектеп кезінде бірінші рет «Сумо» деп аталатын, жарыстарға қатысатын робот жасадым. Кейін жануарлардың қимылын қайталайтын қолтырауын, піл пішінді робот құрастырдым. 8-класта оқып жүргенде Шымкенттегі құбыр жүйесінің жарылғанын, соның кесірінен бірнеше күн бойы көлік кептелісі болғанын көрдім. Сол күні құбыр тазалайтын робот жасау идеясын бастап, жүзеге асыруға бел будым, — дейді Қуаныш.

Қуаныш Мәден
Қуаныш Мәден. Фото жеке архивінен

Кұбыр тазалағыш роботтың алғашқы нұсқасы бірнеше айда жасалыпты. Әуелі скотчпен велосипедтің құрал-жабдығынан негізі прототип әзірленген. Бұл жобамен Қуаныш «3.2.1 Старт» конкурсына қатысып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болады.

Ұтып алған ақша роботтың алғашқы кәсіби прототипін жасауға мүмкіндік берді. Бұл роботтың ерекшелігі – оны тек құбыр ішінде ғана емес, мұнай және су жүйесі жұмыстарында да пайдалануға болатындығы. Елімізде құбыр тазалайтын роботты қолданысқа енгізу жоспарда бар. Шымкент және Нұр-сұлтандағы компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзірге пандемия жағдайына байланысты жұмыс тоқтап тұр. Болашақта ел игілігіне пайдаға асады деп сенемін, — дейді жас өнертапқыш.

Қуаныштың айтуынша, робот жасау процесі идея ойлап табу, зерттеу жұмыстарын жүргізу, проект сызу сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Жоба дайын болған соң қолжетімді материалдардан прототип құрастырылады. Мұнда шығармашылық үлкен рөл атқарады. Кейде қолайлы материал болмаса да, кәсіби деңгейдегі робот прототиптерін жасауға болады. Ерекше ойлап, қиялдай білу де үлкен өнер.

Креатив ойлау мен еңбекқорлық қатар жүрсе, кез келген идея жүзеге асады. Кейде мектептен қайтпай, түнімен кітапханада жұмыс істейтін кездер болады. Себебі робототехникада әуелі бағдарлама құрастырып алу маңызды. Қалғаны ретімен жасала береді, — дейді ол.

Қуаныш Мәден
Қуаныш Мәден. Фото жеке архивінен

Жас өнертапқыштың айтуынша, робототехника болашақта басты және өзекті ғылым саласының бірі болады.

Робототехник — жаһан трендіне сай білім иесі. Бұл салаға жастар қызығады. Өкініштісі, ойлағандарын жүзеге асыруға мүмкіндік бола бермейді. Себебі қарапайым мектептер  робототехника құрал-жабдығымен қамтылмаған. Бар болған күннің өзінде робот жасауды үйрететін білікті мамандар жетіспейді. Қазақстандағы робототехника саласын Иран, Біріккен Араб Әмірліктері пайдаланатын тәжірибені енгізу арқылы дамытуға болады. Олар бірінші кластан бастап балаларға  нанофизика, нанобиология, наноробототехниканы үйретеді. Ерте жастан балалардың қызығушылығын оятып, қандай мамандыққа икемі бар екенін ертерек таниды. Ал бізде бұл пәндерді тек 7 және 8-класта өтеді. Әйтсе де елімізде бұл сала болашақта дамитынына сенемін, — дейді Қуаныш.

Қуаныш Мәден биыл АҚШ, Канада елдерінің бірнеше ЖОО-нан шақырту алды. Алайда ол пандемияға байланысты Назарбаев университетінде қалуды жөн көрген. Қазір волонтер болып жүр. Өзінің айтуынша, кластасымен бірге 100-ге жуық оқушыны халықаралық IELTS және SAT емтихандарына дайындаған. 700 түлекке арнайы мастер-класс ұйымдастырып, шетелдегі жоғарғы оқу орындарына түсуге көмектесткен. Қуаныш болашақта ғарыштағы металл қоқысты тазалауға арналған робот жасап шығармақшы.