Президент БҚО әкіміне демография қауіпін азайту міндетін жүктеді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Ғали Есқалиев Қазақстан президентіне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, жер қатынастарына қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы, сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмыстары,  инвестиция тарту және Жайық трансшекаралық өзенінің проблемалары жөнінде баяндады.

Әкім президентке жергілікті жұртшылықтың бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың жүзеге асырылуын бақылауға, өңірді сумен және жылумен қамтамасыз етуге, автожолдар салуға және электр желілерін жаңғыртуға қатысты мәселелерді шешуге атсалысып жатқаны туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы өңірдің ет өнімдерін ұлғайтуға және осы салада еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін атап өтіп, әкімдіктің Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытудың ғылыми-өндірістік базасын құру жөніндегі жоспарын қолдады.

Президент Оралда машина жасау саласының техникалық және кадрлық әлеуетін сақтау қажет екеніне назар аударып, Ғали Есқалиевке демографиялық қауіпті азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвесторларды қолдау жөнінде міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, бюджетті әділ бөлудің, бюджетаралық қатынастардың тиімді тетігін енгізудің маңызын айтты. Оның айтуына қарағанда, облыстар салықтан түсетін қаржыны жергілікті деңгейде қалай жұмсау керек екенін анық түсінуге тиіс.