Атырау туралы 10 миф

№1. «Атыраулықтардың бәрі мұнайшы»

Атырау дәрігер

Атырау еліміздің мұнайлы астанасы саналғандықтан, басқа өңірдің тұрғындары «атыраулықтардың бәрі мұнай саласында жұмыс істейді» деп ойлайды. Көңілдеріңізді қалдырамын, олай емес.

Атырауда мұнай өндіретін ірі 6 компания бар. Олар «АМӨЗ» ЖШС, «Эмбімұнайгаз» АҚ, Аджип ККО, «Теңізшевройл» ЖШС, «Атырау Нефтемаш» ЖШС, «Рауан налко» ЖШС, «Шеврон МұнайГаз Инк». Ал, қалада 305 мың 832 тұрғын бар. Қарапайым логикаға салсақ, 305 мың 832 адамның барлығы мұнайшы болуы мүмкін емес. Олай болса, қаланың білім беру, медицина, басқару салаларында кімдер жұмыс істеп жүр?

№2. «Атыраулықтар бай»

Атыраулықтар бай
Сурет zhasatyrau.kz сайтынан

Еліміздегі ең бай өңір – Маңғыстау облысы. Бұл туралы Ranking.kz порталы хабарлады. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, ең төмен күнкөрістің жоғары деңгейі Маңғыстау облысында. Ол 28 785 теңге. Ал, Атырау облысындағы төменгі күнкөрістің орташа деңгейі 23 422 теңгені құрады. Демек, «атыраулықтардың бәрі бай» деген мифке сенбей-ақ қойсаңыздар да болады.

№3. «Атыраулықтардың күнде жегені — балық, ішкені — мұнай»

Атыраулықтардың күнде жегені — балық, ішкені — мұнай

Атыраулықтар туралы «бәрі мұнайшы» дегеннен бөлек, күн сайын балықтан бесбармақ жасайтыны туралы да миф бар. Кейбіреулері әзілдеп оны «атырауша бесбармақ» немесе «фишбармақ» деп те атайды. Бұл мифтің шындығы бар, алайда толығымен емес. Шындығы: Атырауда балық аулауды кәсіп ететін 14 өндірістік кооператив бар, сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер да бар. Демек, атыраулықтарға басқа өңірлерге қарағанда балық қолжетімді. Олардың балықты асып, бесбармақ сияқты жейтіні де рас. Алайда, бұл «атыраулықтар күн сайын балық жейді» деген сөз емес.

№4. «Атырау бір сәтте жер астына кетуі мүмкін»

Атырау аэрапорт

Қалада мұнай және газ өндірісі болғандықтан жергілікті халықта «жердің асты толған мұнай, олар өндірілген сайын жердің астында бос қуыс қалып жатыр. Күндердің күнінде Атырау жер астына кетуі мүмкін» деген үрей бар. Бұның қаншалықты рас екенін білу үшін мұнай саласының қызметкерлерімен хабарластық. Өзін Maersk Oil мұнай компаниясының бұрынғы мұнайшысы деп таныстырған Айбат Жақсылықов бұлай үрейленуге жөн жоқ екенін айтты. Себебі, мұнай өндірілген соң оның орны сумен толтырылады.

«Мұнай өндірілген соң оның орны бос қалдырылмайды, орнына су жіберіледі. Сондықтан, мұнай өндірісінің кесірінен Атырау жер астына кетеді деген бос сөз»,-дейді Айбат Жақсылықов.

№5. «Атырау балшық»

Атырау балшық

«Атыраудың көшелері адам жүргізсіз балшық» дейді естігендер. Естігендер деп отырғанымыз, бұндай мифке Атырау қаласына табаны тиіп, көзімен көргендер сенбесе керек. Себебі, қалада адам мен көлік жолдарына басқа қалалардағыдай асфальт төселген.

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейтін болсақ, Атырау қаласы көктемде балшық болатыны рас, алайда шеткі және құрылыс жүргізіліп жатқан аудандарында.

№6. «Атыраулықтардың бәрі дөрекі»

Атыраулықтардың бәрі дөрекі
Сурет zhasatyrau.kz сайтынан

Қазақстанның батыстағы тұрғындарын өзге облыстың тумалары «ұрсып сөйлейді», «дөрекі» деп жатады. Оның себебі мынада: батыстықтардың сөздік қорында барлық етістіктер «-шиш» деген «жалғаумен» аяқталады: қойшиш, отыршиш, хабарласшиш, т.б.

Одан бөлек «Е», «Не зат», «Құрсын», «Қасқа» сынды сөздері де бар. Бұл олардың диалектілері десек те болады. Осы сөздерді батыстық еместер алғашқыда түсінбей, естігенде құлақтарына түрпідей тиіп, тіксініп қалады. «Атыраулықтар дөрекі» деген мифтің шығу тегі осы болса керек.

№7. «Атырауда ағаш жоқ»

Атырауда ағаш жоқ

«Атырау қаласында ағаш жоқ» дейді келесі миф. Алайда, мұнайлы астанаға барған адам бұл аңыздың жалған екенін көрер еді. Себебі, Атыраудың орталық көшесі саналатын Сәтбаев атындағы көше, қазіргі «Америкалық қалашық» аудандары жасыл желекке жамылып тұр. Оны аз көрсеңіз, Атырауда 10 саябақ бар. Олардың аудандары 20 гектарды құрайды. Оған қоса болашақта «Ретро саябақ» ( 3,5 га), «Жастар саябағы» (4,33 га), Геолог селосында саябақ (13,0 га) салынады.

№8. «Наурыз мерекесі – 14 наурыз»

Наурыз мерекесі – 14 наурыз
Сурет zhasatyrau.kz сайтынан

Атыраулықтар ғана емес, барлық батыстық қазақтар наурыз айының 14-і күні «Көрісу күнін» өткізеді. Бұл күнді кішігім Наурыз мерекесі десе де болады. Себебі, халық үстілеріне қазақы комзолдары мен шапандарын киіп, бір-бірін қыстан аман-есен шыққандарымен құттықтайды. Дастархан жайып, бір-бірін қонаққа шақырады.

Осыдан кейін 22 наурыз күні бүкіл халықпен бірге әз-Наурыз мерекесін тойлайды. Мәселен, биылғы мерекеде атыраулықтар қала бойынша 45 киіз үй тікті. Оның 25-і Исатай-Махамбет алаңында бой көтерді.

№9. «Атыраулықтар – адайлар»

Атыраулықтар – адайлар
Сурет zhasatyrau.kz сайтынан

Атырауда адайлар өте аз. Себебі, адайлар көбінесе Маңғыстау облысында қоныстанған. Атырауда Кіші жүздің Әлімұлынан шыққандар көп. Ең көбі — шеркештер.

№10. Атыраудағы көпір Еуропа мен Азияның шекарасында тұр

Атыраудағы көпір Еуропа мен Азияның шекарасында тұр

2010 жылы сәуір — мамыр айларында Орыс географиялық қоғамының Қазақстанда жүргізген экспедициясының алдын ала нәтижелері Еуропа мен Азияның шекарасын Орал өзенінің, сол секілді Ембінің бойымен өткізудің жеткілікті ғылыми негіздемелерінің жоқтығын көрсетті. Мәселе Златоуст оңтүстігіне қарай Орал жотасы өз осін жоғалтып, бірнеше бөлікке бөлінуінен тұрады. Одан әрі таулар біртіндеп жоғалады, яғни шекараны жүргізу кезіндегі басты бағдар жоқ болады.

Сондықтан экспедиция мынадай қорытынды шығарды: шекараның оңтүстік бөлігі Шығыс — Еуропалық жазық аяқталатын Каспий маңындағы ойпат жердің шетімен өтеді. Каспий маңындағы ойпат Каспий теңізі Үстіртін Батыс кемерлер шайған кезде миллиондаған жылдар бұрын пайда болған. Сондықтан Еуропа мен Азияның арасындағы шекараға бұл геологиялық құрылудың шеті саналуы ықтимал.
Осылайша, Қазақстанның Атырау облысы Еуропада тұтастай орналасқан.  

Демек, Атыраудағы көпір Еуропа мен Азияның шекарасында тұрған жоқ.

Суреттерді өңдеген: Бекзат Исамбергенов

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.