Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинацияға жазылу басталды

Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Instagram-парағында хабарлады.

Вакцинация — локдаундар мен карантин шектеулері болмаған кезге, яғни қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретін жалғыз тиімді әдіс екенін ескере отырып, халық арасында вакцинацияны бастаймыз, — деді қала әкімі.

Нұр-Сұлтан әкімінің айтуынша, вакцинация адамдардың бір мезгілде көп жиналуын болдырмау және қала тұрғындары үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау үшін алдын ала жазылу арқылы жүргізіледі.

Бұл вакциналарды медицина мекемелері арасында біркелкі бөлуге мүмкіндік береді. Жасына байланысты шектеулер мен медицина көрсеткіштерді ескере отырып, 600 мыңнан астам тұрғын вакцинациялауға жатады. Тек сәуір айында ғана Денсаулық сақтау министрлігі (СК-Фармация) 280 мыңнан астам доза вакцина жеткізуді жоспарлап отыр, — деді Алтай Көлгінов.

Вакцина, коронавирус
Фото: Instagram / altay_kulginov_official

«Бірінші. Егу пункттерінің саны үш есеге жуық – 36-дан 100-ге дейін өсті. Бұл — алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары: емханалар, отбасылық денсаулық орталықтары, дәрігерлік амбулаториялар және т.б. Вакцинация пункттерінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды.

Екінші. Вакцинаны алғысы келетіндердің бәрі өтініш қалдыра алады. Емханаға тіркелу орны бойынша алдын ала жазылу керек. Денсаулық сақтау басқармасының сайтында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының байланыс нөмірлері, мекенжайлары көрсетілген тізім жарияланды.

Үшінші. Екпе алуға жазылу Damumed мобайл қолданбасы арқылы да жүзеге асырылады. Қосымшада пациенттің жеке кабинеті арқылы учаске дәрігердің қабылдауына жазылу және ескертпеде коронавирусқа қарсы екпе алғысы келетінін көрсету жеткілікті.

Аптаның соңына дейін медицина мекемелері вакцинацияға ниет білдірушілерді тіркейді, апта соңында вакцинациялауға кіріседі.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі жақында «Электрондық үкімет» порталында вакцинациялауға еліміз бойынша орталықтандырылған өтінімдерді қабылдауды іске қосады (egov.kz). Онда «вакцинацияға жазылу» жеке қойындысы болады.

Төртінші. Медицина мекемелері екпе алғысы келетін барлық тұрғынды қабылдауға дайын. Дегенмен Mega Silk Way сияқты бірқатар сауда-ойын-сауық орталығының инфрақұрылымын дайындадық. Сонымен бірге қаладағы қонақүйлер де дайын. Қажет болған жағдайда, вакцинация пункттерін сол жерде де орналастыруға болады», — деді Нұр-Сұлтан әкімі.

Алтай Көлгінов бірінші кезеңде екпені коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері, мұғалімдер, тәртіп сақшылары алатынын жазды.

Қазір қала тұрғындары екпе алуға ниет білдіріп жатыр. Бұл бізді қуантады, өйткені халықты вакцинациялау ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және туыстары мен айналасындағы адамдарды қорғауға мүмкіндік береді. Екпе алғандар маска тағып, санитария нормаларын сақтауы қажет, — деп жазды астана әкімі.