Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Сырым аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ақ босаға» келіндер ансамблі мүшелері «Қара шаңырақ шырағы» атты онлайн іс-шара ұйымдастырды. Қазақта әшекей бұйым тағып, ұлттық киім кию дәстүрі ықылым замандарда қалыптасқан. Оның өз мәдениеті бар. Кешті жүргізген ансамбль жетекшісі Жанар Шуйкина осы тақырыпта бір әулеттің ибалы келіні, аяулы ана, жеке кәсіпкер Айгерім Боранбаевамен сүбелі сұхбат жүргізді. Айгерім Дауылбайқызы әшекейге қызығушылығы ерте оянғандығын айтып, өзінің қолдан жасаған бұйымдары мен тіккен көйлектерін көрермен назарына ұсынды. Одан соң сахнаға шыққан келіндер халық әні «Ахау керімді» тамылжыта орындап берді.
Әшекей тағып, ұлттық киімдерді киіп жүру қазақтың қыз-келіншектеріне керемет жарасар еді. Бұлар бір жағынан әдемілігіне қоса жас әйелдің денсаулығына, тіл-көзден сақтауға таптырмас бұйымдар. Бүгін мен сіздерге құр алақан келген жоқпын, сый-сияпатымды ала келдім, — деген Айгерім Дауылбайқызы келіндер ансамблі мүшелері мен жетекшісіне ұлттық бұйымдарды сыйға тартты.
Сонымен бірге осы ауданда биыл төртінші жыл қатарынан «Наурыз-қоржын» акциясы өткізілді. «Наурыз — жақсылық пен қайырымдылықтың айы. Қайырымдылық жасау біздің ауданда дәстүрге айналған үрдіс», — дей келе Сырым ауданы әкімінің орынбасары А.Сарқұлов айрықша қолдауды қажет ететін отбасылардағы 100 балаға сыртына аудан логотипі басылып, ішіне тәттілер салынған сөмкелер мен спорттық киімдерді сыйға тартты. Осы шарада балалардың қазақы оюы бар киіммен жүргендігі қуантты.

Наурыз мейрамының басты мақсаты – еліміздегі достық пен бейбітшілікті нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау болып табылады. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – ең қымбат нәрсе» атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын жасап, ұлттық көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырған болатын. Тұжырымдамаға сәйкес 20 наурыз «Зияткерлік күні» болып бекітілді. Жастардың білімін, біліктілігін, тапқырлығын, ақыл-ойын дамыту мақсатында Казталов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы аудан волонтерларының, жоғары сынып оқушыларының қатысуымен «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойынын ұйымдастырды.
Жастарымыз екі топқа бөлініп, өзара сайысқа түсіп, кімнің жүйрік екенін анықтады.
Сайысқа қазылық еткен «Казталов ауданы жастар кеңесі» ЖҚБ төрағасы М.Шоқпанов, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы директорының орынбасары, «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі А.Көшеғалиев сайыстың әділ өтуін бақылауда ұстап, тапқырлық танытқан қатысушыларға алғысхаттар тапсырды.

Сонымен бірге Жәнібек аудандық жастар ресурстық орталығы Наурыз мерекесіне орай акция ұйымдастырып, жергілікті шекара отрядына барып, наурыз көже мен бауырсақ ұсынды, ізгі тілектерін айтты.
Жаңақала ауданында да көктемнің шуақты мерекесі кең көлемде атап өтілуде. Мысалы, аудандық мәдени-демалыс орталығында «Әжелі ауыл-ажарлы ауыл» атты мәдени іс-шара оздырылды. Кеште халықтық «Айзере» ансамблінің мүшелері кішкентай сәбидің тұсауын кесіп, «Тұсаукесу» әнін шырқады. «Қазақы дастарханым», «Дедімай-ау» әндерін ҚР мәдениет саласының үздігі, сазгер-сырнайшы Ерлан Сатыбаевтың сүйемелдеуімен орындады.
