Алтын компоненті бар күмістен жасалған «Nur-Sultan» монетасы шықты

Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы бойынша шыққан.

Номиналы 1 000 теңгелік, жалпы массасы 62,2 грамм, 925/1000 сынамалы күмістен, массасы 46,2 грамм, құрамдас бөлігі 999/1000 сынамалы алтыннан, массасы 16 грамм, «proof» дайындау сапасымен, диаметрі 50 миллиметр монеталар 1 000 дана таралыммен дайындалған, — делінген хабарламада.

«QAZAQSTANNYŃ ASTANASY – NUR-SULTAN» коллекция монеталарының сатылымға шығатын күні туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.

Монеталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында қабылдануға, сонымен бірге еліміздегі барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті, — делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Монеталар кәдесый орамында шығарылады және мемлекеттік тілде, орыс, ағылшын тілдерінде Қазақстан Ұлттық банкінің нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.