Жоғары оқу орны оқытушылары үшін минимал жалақы мөлшері бекітілді

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында хабарлады.

Ведомство басшысы ақпан айында Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен кеңес өткенін, онда екі нормадан тұратын бұйырққа қол қойғанын мәлімдеді.

Брінші норма 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеуге қатысты.

Яғни, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың, қауымдастырылған профессор – 260 мың; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуға тиіс, — деді министр.

Асхат Аймағамбетов бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы керек екенін, сонымен бірге әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін төлей алатынын айтты.

Ал екінші нормада педагогика жүктемесін максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау қарастырылғанғанын мәлімдеді.

Әрине, бұл педагогика жүктемесін аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ. Ал оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қыркүйегіне дейін жоғары оқу орнының басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайтуға уақыт беру үшін бұйрық ерте қабылданған.

Аталған шешім ЖОО әкімшілік-басқару персоналы мен педагогика-оқытушы құрамның арақатынасын өзгертуге, басқа да маңызыды емес шығыстарды қысқартуға және бюджеттердің шығынын қайта қарауға мәжбүрлейтіні анық. Біз ректорлармен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келдік, — деді Білім және ғылым министрі.

Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы оқытушылар жалақысын арттыруға қатысты тапсырмасының орындалу барысын директорлар кеңестері мен Білім және ғылым министрлігі бақылауда ұстайтынын айтты.

Тағы оқыңыз: Білім және ғылым министрі ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге екенін айтты.