Министр: ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге

Ведомство басшысы оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау — жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогика-оқытушы құрамының жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген еді. Нәтижесінде 2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20% көтерілді, — деді министр Facebook-парақшасында.

Білім және ғылым министрінің айтуынша, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұған дейінгі жалақы базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40% ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр.

Мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық, — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр кейбір жоғары оқу орындары оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алғанын, ал оның мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айтты.

Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогика жүктемесін көбейту арқылы арттырды. Нәтижесінде бірнеше оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті, — деді ведомство басшысы.

Асхат Аймағамбетов 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындарына сағат санын 680-ке дейін төмендетуді, бірақ бұл шешім оқытушылардың жалақысын көтеруге әсер етпеуі керек екенін тапсырды.

Тағы оқыңыз: Жоғары оқу орны оқытушылары үшін минимал жалақы мөлшері бекітілді. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар кем дегенде 200 мың теңге, ал профессорлар 350-400 мың теңгеден артық жалақы алуға тиіс.