Мұфтах Диаров 1955 жылы тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ) тәмамдаған. 1955-1964 жылдары геологиялық партияның бастығы, Индер геологиялық барлау экспедициясының бас геологы, 1964-1978 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу геологиялық барлау мұнай институтының зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1978-1992 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Мұнай және табиғи тұздар химиясы институты директорының орынбасары, директоры, зертхана меңгерушісі, 1992-1997 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Батыс бөлімшесінің академик-хатшысының орынбасары, 1997 жылдан бастап «Атырау-Ғылым» АҚ вице-президенті болды. Каспий маңы ойпатындағы бор және бор-калий тұздарын іздеу және барлау мәселелерімен айналысты. Минералды тұздарды іздеу әдістемесін әзірледі. Сатимола, Иидер бор-тұз кендерінің ірі кен орындарын ашуға қатысты.
Академик Диаров көптеген ғылыми еңбектердің авторы және қазақстандық геологтардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды.
Мұфтах Диарұлы мұнай жобаларына қатысты қоғамдық тыңдауға белсенді қатысты және әрдайым туған жер экологиясын қорғауға атсалысты.