Қасым-Жомарт Тоқаев: Бішкекте Абайға ескерткіш орнатылады

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары туралы баяндады.

Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтанда Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық, – деді Қазақстан президенті.

Мұның алдында Қазақстан қырғыз халқына көмек ретінде медицина құралдары мен дәрі-дәрмек жіберетінін хабарланды.

Айта кетейік, бүгін Қазақстандағы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен қырғыз басшысы шағын құрамда келіссөздер өткізді.