Қазақстан қырғыз халқына көмек ретінде дәрі-дәрмек жібереді

Шағын және кеңейтілген құрамдағы екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлауынша, келіссөздер барысында коронавирусқа қарсы бірлескен жұмыстар талқыланды.

Мемлекет басшысы Қазақстан қырғыз халқына кезекті гуманитарлық көмек ретінде медицина құралдары мен дәрі-дәрмектер жолдауға дайын екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның қарулы күштеріне әскери-техникалық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі және көш бастаушы инвесторларының қатарына кіретінін жеткізді.

Біз кейінгі 15 жылда бұл елге 1 миллиард доллардан астам қаржы құйдық. Қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге, әлеуметтік ахуалын жақсартуға қомақты үлес қосып келеді, – деді Қазақстан президенті.

Екі ел президенті өзара инвестицияларды қолдауға және қорғауға келіскен.

Айта кетейік, бүгін Қазақстандағы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен қырғыз басшысы шағын құрамда келіссөздер өткізді.