Қазақстан мен Қырғызстан президенттері Ақордада кездесті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорда резиденциясында Қырғыз президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін Құрмет қарауылы ротасының бастығы Қазақстан мен Қырғызстан президенттеріне рапорт берді. Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының алдынан өтіп, шағын құрамда келіссөздер жүргізу үшін резиденцияның «Шығыс залына» барды.

Садыр Жапаров, Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровтың Қырғызстан президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының маңызы зор екенін айтты.

Бұл Қазақстанға деген үлкен құрмет. Сапарыңыздың рөлі, мағынасы айырықша деп айтуға болады. Себебі бұл сапар екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға үлкен серпін береді. Шын мәнінде сапарыңыздың бағдарламасы ауқымды. Сондықтан біз бүгін ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасамыз. Құдай қаласа, екі халықтың мүддесіне сай тиісті келісімдерге қол жеткіземіз деп ойламын, – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров, Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сонымен бірге Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

Бұл дәстүрді жоғары бағалаймыз. Алдымызда тұрған міндетіміз осы дәстүрді жалғастыру, нығайту. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Садыр Жапаров, Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Қырғызстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің поэмасынан үзінді оқыды.

Мен қазақпын, қырғыз ол – туысқаным, Бірге тартқан тарланның құйысқанмын. Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки, Бөліп берген егізге уыс нанын, – деді Садыр Жапаров.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Садыр Жапаров, Тоқаев
Фото: Akorda.kz

Қырғыз президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Қырғызстанға сапармен келуге шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда саяси, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, су-энергетикасы, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сонымен бірге Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.