Еңлік Сақтан

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан

Еңлік Сақтан ақпанда фотограф Бақдәулет Әбдуалымен бірге екі фоторепортаж дайындады. Оның біріне режиссер Шәкен Айманов 52 жыл бұрын түсірген «Тақиялы періште» фильмі арқау болды. Baribar.kz журналистері осы фильмде көрсетілген Алматыдағы ғимараттар мен орындардың қазіргі кейпін фотоға түсірді және қаладағы мәдениет ошақтарының аса өзгермегенін байқады.

Екінші фоторепортаж талғаммен киінетін алматылықтар жайлы болды. Еңлік пен Бақдәулет қаланы екі күн аралап, тұрғындар арасынан ерекше киінген, талғамы, стилі өзгеше-ау деген адамдарды суретке түсіріп, жариялады.

Еңлік Сақтан сонымен бірге «Психолог: Вандализм адамның ішкі жан айқайын білдіруі мүмкін», «Жол-көлік оқиғасына ұшыраған адам не істеуге тиіс»,  «Төбеден су ақты». Көрші үйді қалай жауапқа тарта аламыз», «Салықтан босатады»: Германия тұрмыс қалдығын қалай сұрыптайды?» деген материалдар жазды.

Мейірман Лес

Мейірман Лес.
Мейірман Лес

Мейірман Лес осы айда тележүргізуші, продюсер, «Balu KZ» YouTube-каналының авторы Тимур Балымбетовтен сұхбат алды. Сұхбат  қазіргі телеарналардағы проблема, Қазақстан музыканттарының саяси белсенділігі, контент тұтынушы аудитория туралы болды.

Baribar.kz редакторы сонымен бірге «Азаттық» радиосының тілшісі Аян Қалмұратпен мемлекеттік тапсырыс және сапалы контент қайшылығы туралы әңгімелесті.

Автор «Құтты болсын айту қай кезде популизмге айналады», «Baribar.kz журналистері медиадан басқа қай салада жұмыс істеп көрді», «Ипотекаға үй алған немесе несиесі бар азамат әскерден босатыла ма», «Қазақстанда 2021 жылы кімге рақымшылық жасалуы мүмкін?» деген материалдар дайындады.

Таңшолпан Төлеген

Таңшолпан Төлеген
Таңшолпан Төлеген

Таңшолпан Төлеген Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тест дайындады. Бұл — ақпанда Baribar.kz аудиториясы ең көп оқыған материал.

Baribar.kz журналисі Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметіне хабарласып, Қазақстанда жабылған жоғары оқу орындары жайлы материал әзірледі. Ведомстводан енді мемлекеттік грантта және ақылы бөлімде оқитын студенттер, университеттерді оқытушылар мен өзге де қызметкерлер не істейтінін сұрады. Материал «Жабылған оқу орындары: студенттер мен оқытушылар не істейді?» деген тақырыппен жарияланды.

Таңшолпан осы айда «Пандемиядағы туризм: Қайыңды мен Көлсай қалай өзгермек», «Маман кеңесі: күн жылығанда қандай аурудан сақтану керек?» деген мәселелерді көтерді.

Наргиза Аршидин

Наргиза Аршидин
Наргиза Аршидин

Наргиза Аршидин бір жылдан бері алпауыт компаниялардың акциясын саудалап, табыс тауып жүрген Екпін Төкештің тәжірибесін жазды. Онда  «Кез келген адам құнды қағаз сатып алып, инвестор бола ала ма», «Одан қалай ақша табуға болады?» деген сұрақтарға жауап табуға болады.

Baribar.kz журналисі Қазақстанда бейбіт жиын және пикет өткізу тәртібін түсіндірді. Сонымен бірге «Сол бір адам» айдарына Балым Ербосынқызының әңгімесін дайындады. Кейіпкер өзіне көмектескен такси жүргізушісінің қайырымды ісі туралы айтты.

Наргиза «Бумерсіз бе, зумерсіз бе? Қай ұрпақтың адамысыз», «Қандай кәсіп-мамандыққа бейіміңіз бар?» деген тест дайындады.