455 жылы шығысгерман вандал тайпасы Римді басып алады да, талан-таражға салады және өте көп байлық пен өнер туындысын тонап, өзімен бірге ала кетеді.

Осыдан келіп «вандализм» термині пайда болды. Ол жабайы тонаушы, рақымсыз, мәдениетсіздік деген түрлі контекстіде қолданылады.

Вандализм терминінің мағынасы мәдени ортада және діни салада кеңінен қолданылады. Мұнда вандализм мәдени ескерткіш пен ғимаратты бұзу ғана емес, мәдени, рухани құндылықтарды жою, оның ішінде өнер, білім, мәдениеттегі ерекшеліктерге немқұрайлы қарауды да білдіреді. Олардың сенімінде адамның талғамы болмауы және өнер мен мәдениеттегі жағымсыз эксперименттерді қолдауы да вандализмге жатады.

Вандализм қандай формада болуы мүмкін?

Адамгершілікке жат және қоғам ойына сәйкес келмейтін граффити; (Мұндай граффитидің теггинг, бомбинг деген түрлері бар. Үшеуінің де мазмұны ұқсас).

Кітаптарды өртеу;

Зиратты бұзу, қорлау;

Мәдени ескерткіштерді бұзу;

Картиналарды бүлдіру;

Мешіт пен шіркеуді өртеу;

Адамның мұндай әрекетке баруына не себеп болады?

Психолог Камила Мергенбаеваның айтуынша, адам вандализм арқылы ішкі күйін, басқа адамдармен келіспей тұрғанын жеткізеді. Мысалы, бір жасөспірім ғимараттың сыртын бояп, сызып немесе сындырып кетсе, қоғамға деген наразылығын білдіреді.

Кейде басқалар «Іште сақтама, сыртқа шығарып таста» деген кеңесті дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Агрессиямды сақтамай, оны шығарым келеді» деп, көшедегі көрінген затқа тиіседі. Бұл дұрыс емес әрі тәртіпсіздікке жатады. Сонымен қатар біреудің «Сен оны істей алмайсың, қолыңнан келмейді» деген сөзіне еріп, батылдығын даладағы затты бүлдіру арқылы дәделдегісі келуі де мүмкін. Адам вандализмге ненің әсерінен баратынын нақты айту қиын. Бұл ауытқуға жатпайды. Себебі адам ғимаратты біреуге еліктеп, ашуланып немесе наразы болып бұзады. Осылайша ішкі жан айқайын білдіреді әрі осы ісі үшін жазаланғысы келмейді, — дейді маман.

Ресей психологы, ғылым кандидаты, доцент Людмила Ватова 11-23 жас аралығындағы адамдардың вандализм жасау себептерін зерттеген. Ол осы жас аралығындағы адамдардың вандализмге баруын 4 деңгейге бөледі:

  1. Бейсаналы деңгей. Себеп: ашу-ызаның сыртқа шығуы, алкоголь немесе есірткі әсері
  2. Саналы деңгей. Себеп: ойын, сауық құру, еліктеу, ішкі «менін» жақтау.
  3. Саналы әрі жеке психологиялық деңгей. Себеп: вандализм бұл жерде өзін-өзі ұстау, қорғау немесе кек алуды білдіріп тұр.
  4. Саналы әлеуметтік-психологиялық деңгей. Себеп: өзін-өзі растау, наразылық, қайғыға, ренішке назар аудару, жауап беру.

Қазақстанда вандализмге қатысты қандай заң бар?

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 448-бабы бойынша, кәмелетке толмаған адам мемлекет қорғайтын ғимараттарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, адам жерленген жерге сурет салып, қорласа, қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдірсе, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Басқа жағдайда адам тарихи, мәдени ескерткіштер мен ғимараттарды бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғалады.

Қылмыстық кодекстің 203-бабы бойынша:

Егер азамат тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жойса немесе бүлдірсе, 3-7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Егер адам мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстаннан тысқары жерге заңсыз әкетіп немесе оларды қайтармаса, 3-7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

  • Сонымен қатар өрт қою, жарылыс жасау арқылы немесе өзге де жалпы қауiптi тәсілмен жасалған;
  • абайсызда денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан;
  • әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни араздық уәжі бойынша іс-әрекетке барған адам 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Вандализм әрекеті абайсызда адам өлiмiне cебеп болса, күдікті сот шешімі бойынша 7-12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.