Қоғамда әлдекім бір лауазымды иеленсе, желіде фотосын жариялап, құтты болсын айтатындар бар. Бұл қандай қасиет? Сыры не? Респонденттермен осы тақырып төңірегінде әңгімелестік.

Айгүл Лиясова, психолог:

Айгүл Лиясова
Айгүл Лиясова

Кез келген адам жақсы болғысы, жетістікке жеткісі келеді. Бірақ көбі өзі жасап алған “комфорт аймағынан” шыға алмайды. Сол себепті мұндай адамдарға жұртқа жария етіп құтты болсын айту норма болуы мүмкін.

Құтты болсын айтуды кейбіреулер шын ниетімен, ал кей адам пайда көргісі келгеннен істеуі мүмкін. Енді біреулері “Міне, мен осындай адаммен араласамын” дегенді айтқысы келеді. Бұл – біздің мінез-құлық ерекшелігіміз. Қазір пандемия салдарынан қарым-қатынас азайды, тіпті туыстар арасындағы байланыс та алыстады. Өзімізді басқа ортада көрсете алмағаннан, жетістікке жетпегеннен кейін осыған жеткен адамның фотосын әлеуметтік желіге салып, сабырға шақырамыз.

Біреу мұны пайда көру немесе жағымпаздану мақсатында істеп отыр деп кесіп айта алмаймыз. Адамда әртүрлі мақсат болуы мүмкін, оның қарым-қатынас ортасына қарауымыз керек. Бірақ бумеранг заңын ұмытпауға тиіспіз. Сіз біреуді пайдалансаңыз, сізді де пайдаланатын адам табылады. Сол себепті қарым-қатынас шынайы болғаны дұрыс. Әркім өзімен өзі болғаны жақсы. Шәкәрім айтпақшы, “Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше!”

Адам құттықтап отырған досымен немесе әріптесімен қарым-қатынасы жақсы болса, бірге фотоға түссе, оған тек жақсылық тілесе, мұны “жағымпаздық” деп айта алмаймыз. Қазір қарым-қатынаста жағымпаздықтан гөрі жасандылық көп. Біз көп жағдайда өмірімізді жасанды етіп аламыз, өзімізді алдаймыз. Әлеуметтік желіде бізге тіркелгендердің бес-алтауымен ғана сөйлесеміз, бірақ бізді сан қанағаттандырады. Сол сияқты атақты адамдармен фотоға түскенде де “Менде осындай әйгілі әншімен фотоға түсуге мүмкіндік болды” дегенді көрсеткіміз келеді.

Психологияда “эмпатия” ұғымы бар. Лауазым деген уақытша нәрсе, адам жетістікке жетті ме, соған қуана білуіміз керек, жолы болмай жүрсе, жанымыз ашуы керек. Бірақ қазір бұл өте қиын. Әлеуметтік желіде жазбалардың астындағы комментарийлерді қарасаңыз, жаға ұстайсыз, неше түрлі жаман сөз жазатындары бар. Адам проблемасын, кемшілігін де басқа біреу арқылы жеткізеді.

Аршат Ораз, ІТ-маман:

Аршат Ораз
Аршат Ораз

Желіде жария құттықтауды неймдроппинг те, жағымпаздық та деуге болады. Неймдроппинг, яғни біреудің атын өз пайдаңа қолданудың өзі сол адамға деген жағымпаздықты көрсетеді. Құттықтау – дұрыс қасиет, бірақ ол жеке адамға айтылады.

Көпшілік алдында құттықтаудың мәні мен сипаты өзгереді. Өйткені құттықтаушы осы әрекеті арқылы өзін көрсетуге тырысады. “Міне, мен осындай адамның жақынымын” дегендей өзін басқалардан артық көрсету байқалады.

Бұған қоса, ол қызметпен құттықтаған кезде адамға “Мен сіз үшін бәрін істеуге дайынмын” деген месседж де береді. Бұл жағымпаз болуға, айтқан нәрселерді орындауға дайынмын деген сөз. Қызметпен құттықтау ғана емес, жалпы отбасындағы құттықтаулардың да желіде жария болуы психология тұрғысынан бір мәселелердің бар екенін көрсетеді. Ешқандай комплекс, өзара мәселе, түсініспеушілік болмаса, адам мұндай интим нәрселерге бас ауыртпас еді. Жақын адамдар онсыз да өз ортасында бір-бірін құттықтайды.

Виктория Князева, психолог:

Виктория Князева
Виктория Князева

Жоғары қызметке қол жеткізген адамның айналасы оның бұл жетістігі үшін шынымен қуануы мүмкін. “Мықтысың!”, “Саған сенетін едік!”, “Азаматсың” деген сияқты бүкпесіз тілек, құттықтау жазылып жатады. Бұл – бір мәселе.

Алайда бірге түскен фото салудың басқа да себебі бар. Адам әлеуметтік тіршілік иесі, сондықтан бізге басқа адамдармен байланыста болу, әлдебір топтың мүшесі екенімізді сезіну үлкен маңызға ие. Мұндай қажеттілік біреуде төмен, біреуде жоғары деңгейде шығар, бірақ кездеседі. Сондықтан кей қолданушының әлдекімнің жақсылығына жай ғана қуанып қоя салмай, осы жайтқа өзінің де қатысы бар екенін барынша көрсетуге тырысатынын байқауға болады. Жақсы танымаса да, ортақ суретті жүктеп, аудиторияға “мен де бұл адамды танимын” дегенді айтқысы келеді.

Тіпті қызғаныш сияқты сезім де себеп болуы мүмкін. Жағымсыз пікір айта алмайсың, бірақ “құттықтау” арқылы эмоцияны шығарасың әрі біреудің бақытына ортақ болу қажеттілігін қанағаттандырасың.

Әрине, біржақты айту қиын, себебі мың адамда мың түрлі ой-сезім бар. Жалпы алғанда, мұндай жандарды екі топқа бөлуге болады: біреулер шын жүректен тілегін айтады, екіншілер ішкі сұранысын қанағаттандыру үшін солай жасайды. Ал оның артында таныс екеніңді айтып қалу, қуанышты жаңалықтың бір бөлігі екеніңді сезіну сияқты алуан-алуан себеп тұруы мүмкін.

Нұрлан Жанай, кәсіпкер:

Нұрлан Жанай
Нұрлан Жанай

Біреудің фотосын салып, құтты болсын айтып, қуанудың екі жақсы және екі жаман жағын айтып берейін. Жақсы жағы – қазақылыққа салынсақ, сүйінші сұрау болуы мүмкін. Қазақта қуанышты хабарды бірінші болып айтқанға сүйінші – сыйлық беру деген дәстүр бар ғой. Барлық адамға әлеуметтік желі арқылы жеткізіп, айтуы осы болуы мүмкін. Екінші жақсы жағы – біреудің қуанышына ортақтасу. “Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады” дейтін принциппен қуанғысы келгені немесе бағалағаны болуы мүмкін.

Енді нашар жағын айтайын. Біріншіден, этикетке жатпайтын тірлік. Бұрыннан дастархандас болып, қоян-қолтық араласпаса да, “досым”, “бауырым” деп ағынан жарылатындар бар. Ал дос деп тұрған адамы “Екеуіміз дос емеспіз ғой” деп айта алмайды. Бұл – этикетті бұзып, субординацияны құртатын нәрсе. Жаңадан лауызымды қызметке тағайындалған адамды “досым” деу арқылы болашақта мәселесін шешіп алғысы келетін ниеті болуы мүмкін.

Тағы бір жаман жағы – осы адамды құттықтап, көзіне түсіп қалайын деу. Мені елесін, ескерсін, жаңадан команда жинап жатса, ұмытып кетпесін дейтін онлайн мысықтілеу тірлік болуы мүмкін.

Шын жанашыр, шын құттықтағысы келетін адам жекесіне шығып немесе телефон арқылы, тіпті болмаса, офлайн кездескенде құттықтайды. Бір қызығы – онлайнда құттықтап, офлайнда құттықтамай кететіндер де бар.

Дайана Қалыбек, энерготерапевт:

Дайана Қалыбек
Дайана Қалыбек

Бұл қасиеттің Қазақстанға, қазақ қоғамына қатысы бар. Біздің мемлекетте адамдар өз күшінен гөрі туыстарының, достарының қолдауына сеніп, өмір сүреді. Басқа адамдардан пайда іздеп жүреді. Бұл дұрыс емес. XXI ғасырда коллективизмнен алыстап, индивидуализмге қадам басуымыз қажет. Өйткені, коллективизм болса, адамдар бір-біріне қарап жүреді, өз өмірінен не күтетінін білмейді. Менің досым немесе туысым осылай жасады ғой, мен де осылай істейін деп ойлайды.

Қытайда 5 жыл білім алдым, ондағы адамдардың психологиясын жақсы білемін. Олар барлық назарын білімге, өзін дамытуға аударады. Сол себепті мұндай нәрсемен айналысуға уақыты болмайды. Украина да біршама уақыт тұрдым, Еуропаға жақын болғанының әсері ме, мұнда индивидуализм басым.

Қазір біреуге жағымпазданбай-ақ немесе біреуге қарамай-ақ, жетістікке жетуге болады, бірақ адамдар бұл мүмкіндіктің бәрін пайдаланбайды. Оның орнына жағымпаздануды немесе көшіре салуды оңай көрінеді.