Алматыда студенттерге арнап 30 жатақхана салынады

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында жатақхана құрылысының барысы қаралды. Басты міндет — студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту, студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету.

Алматыда 6 жатақхана пайдалануға берілді, 2 нысан құрылысы жүріп жатыр, 2022 жылдың басында аяқталады. Сонымен қатар 30 жатақхана құрылысы бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа нысандарды салу үшін барлығы 22 жер учаскесі анықталды. Алматыда жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 16 мыңнан астам төсек-орын құру жоспарланып отыр.

Кеңеске Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Халықаралық бизнес университеті (UIB), Каспий қоғамдық университеті, Дінмұхамед Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы технология университетінің басшылығы қатысып, сөз сөйледі.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров тиісті басқармаларға «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарын ескере отырып, жатақханалар салу жөніндегі жобаларды іске асыру, сонымен бірге рәсімдік мәселелерді жеделдету және жоспарланған объектілерді уақтылы және сапалы пайдалануға беруді қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, жатақхана құрылысы инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің шешімдеріне сәйкес, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде инвесторлар үшін инвестициялардың қайтарымы регламенттелген. Осыған байланысты пандемия және инвесторлардың экономикалық қиындықтары жағдайында құрылыс мерзіміне өзгерістер енгізілді.