Алдын ала мәлімет бойынша, Жаңатастағы тұрғын үйдегі пәтердегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне от түсуінен болған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев айтты.
Өрт дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлімі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған» — деді Бақыт Ратаев.
Бақыт Ратаев сараптама нәтижесі шыққаннан кейін өрт себебі жарияланатынын айтты.
Төтенше жағдай департаменті басшысы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала дерегін жариялады.
Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған, — деді Ермек Момбаев.
Арнайы комиссия төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажет көмек берілетінін айтты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, төтенше жағдай департаменті және басқа да жауапты мемлекеттік органдар өкілі кірді. Кеше комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнына барды, әлі жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің тарапымыздан барлық қажет көмек беріледі, соның ішінде психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектесеміз, — деді Ұлан Жазылбек.
Оның айтуынша, отбасы толыққанды, отағасы медицина мекемесінде жұмыс істейді. Анасы мектепте мұғалім, қазір декрет демалысында.
Ұлан Жазылбек әлеуметтік желілерде өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ, — деді облыс әкімі орынбасары.
Айта кетейік, 19 ақпанда Жаңатаста сағат 15.15-те 2-шағынауданда 5 қабатты тұрғынүйдің 3-қабатындағы көлемі 16 шаршы метр пәтерде өрт шығып, бес бала қайтыс болды. Олар – кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылы туған балалар.
Бұл оқиға туралы Жамбыл облысы әкімі Бердікбек Сапарбаев пікір білдіріп, қайғылы отбасына көңіл айтты.