Жамбыл облысында өрттен бес бала қаза тапты

Жаңатаста сағат 15.15-те 2-шағынауданда 5 қабатты тұрғынүйдің 3-қабатындағы көлемі 16 шаршы метр пәтерде өрт шығып, бес бала қайтыс болды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын ала мәліметтер бойынша балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып, қайтыс болған.

Жаңатас, өрт
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен комиссия оқиға орнына аттанды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері енген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек беріледі. Психолог мамандар жұмылдырылады, жерлеу шаралары ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.

Жаңатасқа Жамбыл облыстық ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары шықты.

Жаңатас, өрт

Бұдан бөлек, Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді.

Еске салайық, 2019 жылы 4 ақпанға қараған түні астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» тұрғынүй алабында жеке үй өртенді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туған бес қыз бала қайтыс болды. Балалардың ата-анасы бұл кезде жұмыста болған. 2020 жылдың 12 желтоқсанында бес қызы өрттен қаза тапқан үй сәбилі болғаны хабарланды.