Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ұлын вице-премьер қызметіне тағайындады

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Сердар Бердімұхамедовті вице-премьер, жоғары бақылау палатасының төрағасы қызметіне тағайындады және Түрікменстан Мемлекеттік қауіпсіздік Кеңесінің құрамына енгізді.

Отырыста түрікмен басшысы министрлер кабинетінің құрамына төраға орынбасарының тағы бір лауазымын енгізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Үкімет төрағасының жаңа орынбасары Жоғарғы бақылау палатасын басқарып, Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіреді.

Гурбангулы Бердімұхамедов жаңа вице-премьердің міндеттеріне мемлекеттік және қоғамдық құрылым жүйесін, денсаулық сақтау, білім беру, қаржы және экономика саласын цифрландыру мен инновациялық технологиялар енгізу кіретінін атап өтті.

Мен Сердар Бердімұхамедовті министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Түрікменстан жоғары бақылау палатасының төрағасы, Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің мүшесі етіп тағайындаймын. Оны өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрі қызметінен босатамын, — деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Министр лауазымына бұрын осы ведомство министрінің орынбасары қызметін атқарған Баймырат Аннамаммедов тағайындалды.

Сердар Бердімұхамедов өнеркәсіп және құрылыс өндірісі министрлігін 2020 жылдың ақпан айынан бері басқарып келді.

Түрікменстан мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің мүшелері — елдің әскери және құқыққорғау ведомстволарының басшылары.