Мемлекет басшысы Жоғары соттың ұсталған судьясы туралы пікір білдірді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары сот судьясының пара алды деген күдікпен ұсталуы масқара жағдай екенін айтты.

Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов. Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметінен босатылған.

Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуге тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі фактор деп санайды.

Тек кейінгі 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды, — деді Мемлекет басшысы Кеңесте.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Жоғары сот кеңесі
Фото: Akorda.kz

Президент сот жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар аталған салаға жаңадан білікті мамандарды жұмылдыруға, әділ сот төрелігін орнықтыруға тиіс екенін айтты.