Құжатсыз жүрген 3 мыңнан астам адам жеке басын куәландырды

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Ішкі істер министрлігінде құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акция былтыр қазан айында басталды. Осы күнге дейін 3 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжатын алды.

Олардың көпшілігі Алматы қаласында (300), Алматы (372), Қарағанды (353), Ақмола (279), Жамбыл (276) және Түркістан (284) облыстарында анықталды. Нұр-Сұлтанда 189 адамға құжат берілді, — делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Акцияны қаңтар айында аяқтау жоспарланған еді, алайда құжатсыз тұлғалар санын қысқартудың маңызын ескеріп, жұмысты мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.

Министр Ерлан Тұрғымбаев Көші-қон қызметі комитетіне азаматтарды құжаттандыруға бағытталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау дүниежүзінде проблема, мұны тексеруге және анықтауға көп уақыт кетеді. Осыған қарамастан, өткен жылы іске қосылған акция мыңдаған адамға құжаттарын алуға көмектесті және алдағы айларда еліміздің тағы бірнеше мың тұрғыны құжатын рәсімдей алады, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев кеңес барысында.

Ведомство басшысы акцияның әйелдер үшін маңызы зор екенін айтты. Жас қыздардан күйеулері немесе бірге тұратын адамдары құжаттарын тартып алатын жағдайлар да кездескен. Сонымен бірге әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген немесе оларды еңбек құлдығына салған жағдайлар тіркелген.

Егер әйелдер осындай жағдайға тап болса аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгінуі керек немесе «102» мобайл қолданбасы арқылы хабарлама жібере алады. Полиция қызметкерлері құжаттарды заңды түрде тегін рәсімдеуге көмектеседі, – деді министр.

Министр азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және құжаттау рәсіміне үкіметтік емес және волонтер ұйымдары көмек көрсететінін айтты. Ішкі істер министрлігі құқық қорғаушыларға және бей-жай қарамайтын барлық адамға азаматтығы жоқтардың проблемаларын шешуге көмектескені үшін алғыс білдірді.