Ермек Алпысов Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек аппарат кеңесінде жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ермек Алпысов энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру дайындығы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелеріне, сонымен бірге еңбек қатынастарына қатысты мәселелерге жетекшілік етеді.

Ол 1971 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және И. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы бойынша география және биология пәндерінің оқытушысы, экономист.

Еңбек жолын 1993 жылы Алматыдағы №156 орта мектепте бастаған.

2001 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді. Алматы облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекші бас маманы, инспекторы, бөлім бастығы қызметтерін атқарған.

2004-2008 жылдары Алматы облысы Ақсу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2008-2012 жылдары — Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары.

2012-2015 жылдары Талдықорған қаласының әкімі қызметін атқарды.

Сонымен бірге Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Әлішер Әбдіқадыров қайта тағайындалуына байланысты қызметінен босатылды. Ол ұлттық экономика вице-министрі болды.