Басты бетҚоғамҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа агенттік құру туралы жарлық шығарды

Агенттік президентке тікелей бағынады және есеп беретін мемлекеттік орган болады.

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі құрылсын, оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сонымен бірге экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттері берілсін. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттер шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құқықтары мен өкілеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын, — делінген жарлықта.

Жарлыққа сәйкес, Президент әкімшілігі мемлекет басшысы қарауына агенттік төрағасымен бірлесіп, агенттік және оның құрылымы туралы ереже жобаларын, Үкіметпен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын агенттікке қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Ал Үкімет Президент әкімшілігімен келісу бойынша Қаржы министрлігінің және тиісті ведомстволық бағыныстағы ұйымның штат санын қайта бөледі.

Еске салайық, президент Қаcым-Жомарт Тоқаев 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігін құру туралы айтты.

Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап етті.