Таза шоколад қандай болады?
Маманның айтуынша, таза шоколад мына үш заттан ғана тұрады: үгітілген какао, какао майы және тәттілендіргіш. Таза шоколадта какао 55%-тен кем болмауы қажет.
Үгітілген какао орнына көбіне какао ұнтағы қолданылады. Ал таза шоколадта какао ұнтағы болмауы керек. Болса да, оған міндетті түрде эмульгатор (соя лецитині) қосу қажет, онсыз ұнтақ жарамсыз болады, — дейді ол.
Какао майы шоколадта көп болған сайын өнім тойымды әрі калориялы бола түседі. Дүкеннен таза какао майы бар тәттіні табу қиын, компания үшін бұл өте тиімсіз. Оның орнына пальма, соя, күнбағыс, рапс майларын қосады.
Тәттілендіргіш немесе тәттіалмастырғыштың түрі өте көп, арзан, жасалуы оңай. Тәттілендіргіштің ең зияны: қант, инверт шәрбаты, фруктоза, изомальт, жасанды тәттіалмастырғыштар (сукралоза, аспартам және тағы басқа).
Өнімнің құрамында бірінші болып қант тұрмауы керек. Табиғи шоколадтарға ащылау дәмнен арылу үшін сәл ғана қант қосады әрі ол тізімнің соңында тұруға тиіс. Сонымен қатар біз жақсы көретін шоколадтарда эмульгатор, ароматизатор, консерванттар міндетті түрде болады. Адам шоколад жегенде, «Бұл какао бұршағынан жасалады, оның пайдасы көп» деп өзін жұбатуы мүмкін. Өкінішке қарай, олай емес. Себебі шоколад өндіретіндер өзіне тиімді жағын ойлап, түрлі амалға барады, — дейді терапевт.
Шоколад жасайтындар қандай қулыққа баруы мүмкін?
Какао бұршағынан үш затты алады: үгітілген какао, какао майы және күнжара. Күнжара — майлы өсімдіктің майын сығып алғаннан кейін қалатын дәні. Алғашқы екеуін шоколад жасауда қолданса, күнжарадан какао ұнтағын алады. Сонда какао ұнтағы таза шоколадта болмауы керек.
Бірақ үгітілген какао қымбат келеді де, өндірушілер шоколадты тіпті какао ұнтағынан да емес, какаовелладан жасай береді. Какаовелла — какао бұршағы қабығының қалдығы. Оны мал шаруашылығында жануарларға азық ретінде, топырақты құнарландыруға қолданады, — дейді дәрігер Бибі-Айша Есенғазы.
Таза шоколадтың құрамында қандай тәттіалмастырғыш болуы керек?
Маманның айтуынша, ең қауіпсіз тәттіалмастырғыш мыналар:
- Кокос қанты,
- Жүзім, құрма пекмездері,
- Кэроб
- Жералмұрт, цикорий шәрбаты
- Панела
- Қант құрағы
Шоколадтың зияны
Пальма, рапс, кокос майы қосылса, шоколадтың сапасы өте төмен деген сөз. Тамырдың бітелуі, гормон бұзылысы, семіздік, тіпті қатерлі ісік пайда болуына себеп болуы мүмкін. Себебі онда транс майлар бар. Мұндай шоколадты диабетпен ауыратындар мүлдем жемеуі керек. Сонымен қатар шоколад аллергия шақыруы мүмкін. Құрамында таныс емес бөгде зат болғандықтан ағза реакция береді. Ересектердің «Балаға тәтті берме, диабез болады» дейтіні, адам бетінде бөртпе пайда болуы осы механизммен түсіндіріледі.
50 жастан асқанда шоколадты рационнан алып тастау қажет. Жас ұлғая зат алмасу баяулайды, сол себепті шоколадтағы ауыр токсиндер жүрек, бас ауруына, ұйқы бұзылуына алып келеді, — дейді дәрігер.
Шоколад жеудің нормасы — күніне 40 грамм. Ащы шоколадтан күніне тек 25 грамм жеуге болады.
Байқасаңыз, супермаркетте дәл кассаның қасына тәттіні үйіп қояды. Әр азық-түлікті іздеп, шаршап, кассаға келгенде, «Өзімді неге бір еркелетпеске? Тәттіні балаларым да жақсы көреді» деп, жоспарда жоқ шоколадты алып кетесіз. Енді дүкенге барған сайын өзіңізге «Маған осы қоқыс қажет пе?» деген сұрақты қойыңыз, — дейді терапевт.
Терапевт Бибі-Айша Есенғазы еліміздегі танымал шоколадтардың құрамын талдап көрді.