Қазіргі кезде блогер болуға көбіне жастар қызығатыны жасырын емес. Ал зейнеткер-фудблогер туралы бірінші рет естуім. Жалпы блогер болуыңызға не себеп болды?

21-ғасыр — әлеуметтік желінің дамыған заманы. Заман талабынан әркім қалмауы керек деп есептеймін. Сол себепті 3 жыл бұрын қызыма «маған да Instagram-нан парақша ашып берші» деп айттым. Алғашқыда бағымдағы гүлдерді, дайындаған тағамдарымды суретке түсіріп, аккаунтқа жүктеп жүрдім. Қарасам, күннен-күнге оқырманым көбейіп жатыр. Олар менен аджика, тұздалған қиярдың рецептін сұрай бастады. Ас үйде жүргеніме 30 жыл болғандықтан, неге бөліспеске деп ойладым. Сөйтіп күнделікті өмірде жасап жүрген тағам дайындау әдістерін жариялай бастадым.

Уақыт өте келе парақшама 10 мың оқырман жиналды. Бірақ ол кезде өзімді блогер деп есептемейтінмін. Сонда оқырмандарымнан келген «неге блогер болмасқа», «күнделікті рецептімен бөлісетін блогер болыңыз, тағамдарыңыз ерекше» деген хаттар жиілей түсті. Мен «Алла сақтасын, қайдағы блогер? Бұл сала бойынша білімім жоқ қой. Технолог емеспін» деп ойладым. Сонда бір әйел «блогер болу үшін білім міндетті емес. Ең керегі — тәжірибеңіз бен қолыңыз» деп жазып жіберіпті. Сол сөз маған ерекше әсер етті. Содан бір күні бір суретімді инстаграмға жүктедім де, астына:

Вот сижу и размышляю

Для чего мне инстаграм?

И ответ я не знаю,

Может он виднее вам.

Может мне назваться блогером?

Или я уже он есть,

Или лучше воздержаться,

И совсем туда не лезть…

Может быть я уже влезла,

И для многих я полезна… деген өлең жолдарын жазып қойдым. Кейін жолдасыма «осы постқа 1000 пікір жазылса, ресми түрде блогер болып, сол бағыт бойынша жұмыс істеймін» деп әзілдедім. Таңертең тұрып парақшама қарасам, мыңнан астам пікір жазылыпты. Бәрі қолдап жатыр екен. Таңғалдым. Дегенмен айтқан уәдеде тұру керек, сол күннен бастап фудблогер боламын деп шештім.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Гульнар Курманова ?? (@gulnarkurmanova)

Бұл өлең жолдарын өзіңіз шығардыңыз ба?

Иә, анам суырып салатын ақын адам болған. Сол кісіден дарыған болуы керек. Бұрыннан жазатыным бар, бірақ орысша ғана.

Инстаграмда ең алғаш бөліскен рецептіңіз есіңізде ме?

Иә, есімде. Қарақат қосылған құймақ болатын. Жалпы өзім тәттіге құмар адаммын.

Тағам әзірлеп, контент ұсынбас бұрын оқырмандардың сұранысына мән бересіз бе?

Оқырмандардан түрлі хат келеді. Біреу тәтті дайындауымды сұрайды, енді бірі салаттарыма қызығады. Әрине, оның бәрін жасағым-ақ келеді. Бірақ уақыт жетпейді. Себебі бұдан бөлек өзімнің жеке кәсібім бар. Сондықтан аптасына 3 рецепт жүктеп отырамын.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Гульнар Курманова ?? (@gulnarkurmanova)

Үлкен кісілер әлеуметтік желі қолдануға келгенде сәл қиналатыны бар. Сізге инстаграмды меңгеру қиынға соқпады ма?

Инстаграмды өзім үйреніп алдым. Біреу қасымда көрсетіп, үйретіп отырмады. Меніңше, адамның ниеті болса, кез келген нәрсені меңгеріп алады. Көп қолданушы маған тағам әзірлеуге, бау-бақшама қарауға біреу көмектеседі деп ойлайды. Бірақ оның бәрін өзім жасаймын. Әрине, тағам дайындап, сонымен бірге видеоға түсіру қиын. Себебі бір қолыңда смартфон, бір қолында пышақ тұрады немесе нан илеп жатасың.

Әуелі видео түсіріп аламын, кейін оның дыбысын бөлек жазамын. Оны біріктіремін. Соңында Imovie, Inshot қосымшалары арқылы видео монтаждауға кірісемін. Әрине, музыка таңдауда қыздарым көмектеседі. Жалпы бір тағамды әзірлеп, оның видеосын дайындауға 5-6 сағатым кетеді.

Инстаграмдағы блогым — жандүниемнің бір бөлшегі. Бұл іспен айналысқан ұнайды. Көріп тұрғаныңыздай, бір бейненың артында қаншама еңбек жатыр. Әр контентіме оқырмандарымнан кері байланыс күтемін. Олардың жағымды пікірлерін оқығанда, қуанып қаламын. «Дұрыс бағытта келе жатыр екенмін ғой» деп ойлаймын.

Сонымен бірге сізді инстаграмда бау-бақша перісі деп таниды екен…

Иә, өзіміздің бақшамыз бар. Оқырманымның көбі оны үлкен деп ойлайды екен. Олай емес. Тек бақшаның әрбір метрін есептеп, барлық жерге әртүрлі көкөніс пен жемісті егіп қойғанмын. Жалпы бақшамда барлығы бар деуге болады. Қияр,  қызанақ, баклажан, картоп, сәбіз, сарымсақ, бұршақ, көк шөп, таңқұрай құлпынай, қарақат, алма, қауын өседі. Оның ешқайсын сатпаймыз. Тек өзімізге арналған. Қияр мен қызанақты шелектеп достарымызға, туысқандарымызға, құда-жекжаттарымызға береміз. Сауда қылуды мүлдем ойламағанбыз. Сонымен бірге бақшамда гүлдің 70 түрі бар.

Астанаға көшіп келгенімізге 10 жыл болды. Оған дейін ауылда тұрдық. Ол жерде де шаруашылықпен айналысатынмын. Шыны керек, бұл жұмыс өзіме ләззат сезім сыйлайды. Жер — күштің, энергияның көзі. Ойлап қараңызшы, жер ана қаншама дүниені көтеріп тұр? Қаншама нәрсе одан алып отырмыз? Сол себепті мен оны қадірлеймін, аялап ұстауға тырысамын. Оған көбірек көңіл бөлуге тырысамын.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Гульнар Курманова ?? (@gulnarkurmanova)

Гүлнар ханым, шымыр әрі сұлусыз. Мұның сыры неде?

Атап айтарлық, ешқандай сыры жоқ. Ең бастысы жұмыс істеу керек, үнемі қозғалыста болу қажет. Үйде жата берсең, әрине денені май басады. Сол үшін жылап отыра бермей, спортпен айналысу керек.

Үйде өз бетімше йогамен айналысамын. Спортпен шұғылданамын. Дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері 40-50 минутымды спортқа арнаймын. Ешқандай диета ұстанбаймын. Аз мөлшерде жиі-жиі барлық тағам түрін тұтынамын.

Фото жеке архивінен

Адамдарға айтар кеңесіңіз бар ма?

Қазір адамдар қатігезденіп бара жатқан секілді. Цинизм, пафос қасиет басым. Кезінде біз бір ауылда қазақ, орыс, неміс, поляк, татарлар, өзбектер — бәрі тату-тәтті бірдей өмір сүретін. Қазір басқа ұлт тұрмақ, туған-туыс дұрыс араласа алмайды. Мысалы, бір қазақ депутат болып жатса немесе шетелге оқуға барса, қуанудың орнына сынаймыз. Көреалмаушылық бар. Жемқорлыққа батқанбыз. Меніңше, бұл өкінішті жағдай.

Адамның өмірге деген махаббаты болуы керек. Белсенді болуы керек. Кез келген жағдайдан тек жақсыны нәрсені көре білген дұрыс. Сонда жаратқан адамның өзіне де, жұмысына да, отбасына тек береке береді.

Үйіміздің маңында екі ауыз үй бар. Онда үлкен отбасы тұрады. Әрине, екі ауыз үйдің ішінде дәретхана жоқ екені түсінікті. Сондай-ақ көшемізде арық қазып қойған екен. Күнде таңертең сол екі ауыз үйдегі әйелдің бір шелек нәжісті сол арыққа төккенін көремін. Бұл — өте қорқынышты жағдай. Түсінгенім, біздің қоғам дәретке отыру, табиғатты аялау мәдениетін білмейді. Осындай жағдайларды көргенде ашынамын.

Жерден керек-жарағымызды алдық па, сәйкесінше береріміз де болуға тиіс. Бау-бақша ексең, артынан дұрыстап орып, тазалау қажет. Әр нәрсені толық істеу керек. Себебі адам мен жер бір-бірімен тығыз байланысты.

Фото жеке архивінен