Junior Eurovision-2020: Қарақат Башановаға дауыс беру басталды

Биыл балалардың халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан Қарақат Башанова өнер көрсетеді. «Хабар» телеарнасы Қарақат Башановаға финалда қалай дауыс беруге болатынын түсіндірген еді.

Қазақстан атынан қатысатын вокалиске дауыс беру үшін Junioreurovision.tv сайтына кіріп, қатысушылардың әндері жинақталған қысқа видеороликті көріп шығуыңыз қажет. Видеодан соң дауыс беру ашылады. Қатысушылар тізімінен Қарақат Башанованы және тағы 2 қатысушыны таңдауыңыз керек. Содан кейін төмендегі «Менің даусымды қабылдау» (Submit my votes) түймесін басыңыз. Дауыс беру тегін.

Байқау көрермені екі кезде дауыс бере алады: 28 қараша 01.00-ден бастап 29 қараша күні Junior Eurovision-2020 финалы басталғанға дейін және сол күні байқаудың барлық нөмірі орындалғаннан кейін жүргізушілер хабарлаған 15 минут аралығында.

Қарақат Башанова 12 сайыскердің арасында екіншісі болып сахнаға шығады.

Еске салайық, 2020 жылғы Junior Eurovision ән байқауында Қарақат Башанова  Forever әнін орындайды. Қарақат шығарманы әкесіне арнады. Балалар арасындағы ән байқауының YouTube-тегі ресми каналында бұл бейнеклиптің қаралымы 193 мыңнан асты.