Қарақат Башанова Junior Eurovision ән байқауына қатысады

Junior Eurovision-2020 халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан өнер көрсететін қатысушы анықталды.

Қарақат Башанова ұлттық іріктеудің жеңімпазы атанды. Ол  Forever деп аталатын әнді орындады. Қарақат бұл шығарманы әкесіне арнады. Оның орындауынан кейін қазылар алқасы көзіне жас алды.

Қазақстан Junior Eurovision байқауына үшінші рет қатысқалы отыр. Былтыр Польшада өткен байқауға жерлесіміз Ержан Максим  қатысып, 2-орын иеленген еді.

Еске салайық, бұған дейін Қарақат Башанова Baribar.kz порталына Junior Eurovision байқауына дайындығы туралы сұхбат берген еді.

Музыканы таңдауыма әкем себепкер болды. Ол кісі «МұзАрт» тобының, Мейрамбек Бесбаевтың әндерін көп тыңдататын. Әкем 1 жасымнан бастап мені видеоға көп түсірген. Сол кішкентай кездегі видеолар әкемнің телефонында әлі бар, — деді Қарақат Башанова.