«Хабар» телеарнасы Қарақат Башановаға финалда қалай дауыс беруге болатынын түсіндірді.

Қазақстан атынан қатысатын вокалиске дауыс беру үшін Junioreurovision.tv сайтына кіріп, қатысушылардың әндері жинақталған қысқа видеороликті көріп шығуыңыз қажет. Видеодан соң дауыс беру ашылады. Қатысушылар тізімінен Қарақат Башанованы және тағы 2 қатысушыны таңдауыңыз керек. Содан кейін төмендегі «Менің даусымды қабылдау» (Submit my votes) түймесін басыңыз. Дауыс беру тегін.

Байқау көрермені екі кезде дауыс бере алады: 28 қараша 01.00-ден бастап 29 қараша күні Junior Eurovision-2020 финалы басталғанға дейін және сол күні байқаудың барлық нөмірі орындалғаннан кейін жүргізушілер хабарлаған 15 минут аралығында.

Қарақат Башанова 12 сайыскердің арасында екіншісі болып сахнаға шығады.

Еске салайық, 2020 жылғы Junior Eurovision ән байқауында Қарақат Башанова  Forever әнін орындайды. Қарақат шығарманы әкесіне арнады. Балалар арасындағы ән байқауының YouTube-тегі ресми каналында бұл бейнеклиптің қаралымы 168 мыңнан асты.

Бұған дейін Қарақат Башанова Baribar.kz порталына Junior Eurovision байқауына дайындығы туралы сұхбат берген еді.

Музыканы таңдауыма әкем себепкер болды. Ол кісі «МұзАрт» тобының, Мейрамбек Бесбаевтың әндерін көп тыңдататын. Әкем 1 жасымнан бастап мені видеоға көп түсірген. Сол кішкентай кездегі видеолар әкемнің телефонында әлі бар, – деді Қарақат Башанова.

Junior Eurovision-2020 ән байқауының қатысушылары
Junior Eurovision-2020 ән байқауының қатысушылары. Коллаж: Junioreurovision.tv

Қазақстан Junior Eurovision байқауына үшінші рет қатысқалы отыр. Былтыр Польшаның Гливице қаласында өткен байқауда Ержан Максим бақ сынап, 2-орынды иеленген еді. Ол 19 елдің кәсіби қазылары қойған ұпай бойынша бірінші орында болды. Ержан Максим 19 сайыскердің арасында оныншы болып сахнаға шықты.