Дөңгелек

Әлбетте, ең әуелі көліктің жазғы дөңгелегін қысқыға ауыстыру қажет. Себебі қарлы-мұзды күндері жазғымен жүру өте қауіпті. Орташа температура +5 градусқа дейін төмендегенде, қам қылыңыз.

Жазғы және қысқы дөңгелектің резеңкесінің химиялық құрамында айырмашылық бар. Жазғының резеңкесі қатты әрі тығыз, ал қысқынікі жұмсақтау болып келеді. Жұмсақ резеңкелі дөңгелек суық күнде қатпайды. Сонымен қатар автокөлік иесі дөңгелектің «тікінекті» және «үйкелісті» түрін нақты аймақтың ерекшелігіне қарай таңдағаны жөн.

Алда-жалда қалың қар не тайғақ күнге дөңгелек ауыстырмай тап болсаңыз, бірден жақын маңнан көлік жөндеу орталығын іздегеніңіз дұрыс. Тіпті, ол жерге адам аз жүретін көшелермен барған абзал.

Сонымен бірге тежегіш жүйесінің жұмысына да назар аударыңыз.

Аккумулятор

Аязда көлік оталмай қалмауы үшін аккумуляторды тексерген жөн. Қуат көзінің кернеуін өлшеп, электролиттің қажет мөлшерде екеніне көз жеткізіңіз. Аккумулятор ескі болса, орнына жаңасын сатып алған тиімді.

Қозғалтқыш майы

Келесі кезекте қозғалтқыш майын тексеріңіз. Себебі ол төмен температурада қатып, көлік «жүрегінің» дұрыс жұмыс істеуіне бөгет жасайды. Сондықтан ескі майды климат жағдайына сәйкес келетін майға ауыстыру керек.

Әйнек тазалайтын щетка

Жалпы, көлік әйнегі ішінен ғана емес, сыртынан да таза болғаны жақсы. Қыста қар, боран, жауын-шашының кесірінен жолды көру қиындайды. Мұндай кезде әйнек сүрткіш щеткалар жиі қолданылады.

Айтпақшы, тазалаған күннің өзінде әйнекте батпақ, су сияқты дақ, сызат қалуы мүмкін. Бұл сүрткіш резеңкесінің ескіргенін білдіреді. Жаңа щетка орнатыңыз.

Жылу жүйесі

Көлікте отырғанда жаурамас үшін немесе буланып кете беретін әйнектің азабын тартпаймын десеңіз, міндетті түрде пештің жұмысын, көліктің алдыңғы, артқы әйнектері мен айналарындағы жылыту жүйесін тексертіңіз.

Құлып пен тығыздағыш резиналар

Тағы бір маңызды ереже — есік құлыптары мен тығыздағыштарды суыққа дайындау. Ол үшін аяз басталғанға дейін барлық құлыпты арнайы су өткізбейтін аэрозольдермен, ал тығыздағыштарды арнайы маймен өңдеп қойыңыз. Бұл іс-әрекетті әр көлік жуудан кейін қайталап отыру керек.

Құрал-саймандар

Автокөлік иесі көлігін қысқа толық дайындаса да күтпеген жағдайға тап болуы мүмкін. Мұндай кезде құрал-сайман болуы қажет. Апат жағдайында көбіне автокөлікті қар мен мұздан тазалауға арналған қырғышы бар щетка, күрек, аккумуляторды өзге аккумулятормен жалғайтын сым, арқан, қосымша жанармай қоры, қолғап және фонарь сияқты заттар қажет болады.

Дереккөз: Auto.ru