Бұл туралы Tengrinews.kz порталы Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сот Елжан Біртановқа қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасын санцияланды. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды, — делінген комитет хабарламасында.
Елжан Біртанов биыл 25 қаңтардан 25 маусымға дейін Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болды. Ол қызметінен кетер алдында коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Сол кезде Елжан Біртанов ауруы пневмонияға асқынғандықтан, оған қосымша емделу қажет екенін хабарлаған еді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа басшысы — Алексей Цой.