Пандемия кезінде егде жастағылар мен созылмалы аурулары бар адамдардың жағдайы нашарлап кетті, қайтыс болып жатқандар да бар.
Ертерек, Пандемияға дейін жұқпалы емес аурулардың алдын алғанда, тұтынатын тағамымыздың зиянын азайтқанда, дәл қазіргідей өлім саны көп болмас па еді? – дейді қор президенті Бақыт Түменова.
«Аман-саулық» өкілдерінің айтуынша, елімізде жылда Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың 11%-і жұқпалы емес аурулармен күреске жұмсалады. Бірақ саламатты өмір салтын ұстану арқылы мұндай қаражатты үнемдеуге де болар еді.
Экономика анализін жасап көрдік. Егер қауіпті заттардың зиянын азайту мен саламатты өмір салтын ұстануды арттыратын болсақ, 38 миллиард теңге үнемдеуге болады, — дейді Бақыт Түменова.
Бақыт Түменованың айтуынша, жастардың 25%-інде артық салмақ проблемасы бар. Оның жартысы семіздікке ұласып жатады. Коронавирус пандемиясы кезінде де артық салмағы бар адамдардың жағдайы салыстырмалы түрде ауыр болғанын көріп отырмыз.
Адамды кей нәрседен бас тартқызу, бір дүниені қолдануын шектеу қолымыздан келмейді. Мысалы, алкогольге, темекіге, газды сусынға елде шектеу жоқ. Бірақ кейбір дүниенің зиянын азайта аламыз. Бірнәрседен шектеу арқылы проблеманы көп жағдайда шеше алмаймыз. Ал зиянын азайту концепциясы — қазір елде қалыптасқан ахуалдан шығудың жолы, — дейді ол.
«Аман-саулық» қоғамдық қоры «Жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларының ықпалын төмендету» кітабын шығарып отыр. Онда негізгі жеті тақырып бойынша денсаулыққа зиян нәрселер айтылады. Олар – алкоголизм, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыс тапшылығы, нашақорлық, орнын ауыстырып қолданатын терапия және репродуктив денсаулықты қорғау мен отбасын жоспарлау. Кітапта зерттеушілер осы жеті зиян нәрсенің денсаулыққа ықпалы қандай болатынын, салдарын түсіндіреді.
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айгүл Соловьеваның айтуынша, мұндай кітап халық адасқан, не істерін білмеген кезде, бірнәрсеге тәуелді болып қалмаудың алдын алуда көмектеседі. Зиян заттардың денсаулыққа әсерін медицина мамандары ғана емес, кез келген адам қасындағыларға жеткізу керек екенін айтады.
Әр адамның тағам құрамын, оның зияны мен пайдасын білуге құқығы бар. Бірақ елімізде құжаты жоқ өнімдер сатыла береді. Мысалы, алкогольге сайт арқылы тапсырыс беріп, оны кез келген уақытта алдыруға болады. Интернеттен тапсырыс бергесін, оның құжаты да бола бермейді, — дейді Айгүл Соловьева.
Медицина мамандарының айтуынша, Қазақстанда созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға уақытылы дәрі беріледі, науқастар жылда емделеді. Ал кей елде мұндай мүмкіндік жасалмайды. Халық арасында тамақтану, денсаулықты күту мәдениетін қалыптастырсақ, кей проблеманың алдын алар едік дейді олар.
Бюджеттен денсаулық сақтау саласына көп ақша бөлінеді. Кейде үнемі емделетін пациенттер дәрінің кеш түсетінін айтып, шағымданып жатады. Халық жылда дәрі ішкеннен, жылына екі рет стационарда емделгеннен, жүйенің жақсарғанынан денсаулығы дұрысталып кетпейтінін түсінуі керек. Көп нәрсе тәуелді болудан арылуға, саламатты өмір салтын ұстануға және дұрыс тамақтануға байланысты, — дейді Денсаулық сақтау министрлігі, Медицина қызметі сапасын бақылау біріккен комиссиясының мүшесі Надежда Петухова.
«Жұқпалы емес аурулардың қауіпті факторларын азайту» кітабы медицинадан алыс қарапайым азаматтар үшін шығарылып отыр. Қор өкілдері бұл кітаптарды медицина ұйымдары арқылы тарататынын айтты.
Тәуелдік деген нәрсе бар. Біз тамаққа, темекіге, алкоголь мен нашаға тәуелді болып қалуымыз мүмкін. Оны жеңу де қиын. Сондықтан әр пациент нені тұтынатынын дұрыс таңдай білуі керек, — дейді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті.