Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мария Ван Керкховенің айтуынша, темекі шегу коронавирустан қорғамайды, керісінше, бұдан науқастың жағдайы нашарлайды. Темекі шегуден бас тарту коронавирус салдарынан болатын қауіпті азайтады. Темекіні оңай тастауға қатысты психолог, «Кеңес» кеңес беру орталығының жетекшісі Нұрлан Тұрсынбеков айтқан 5 тәсілді назарыңызға ұсынамыз.

1. Темекіге тәуелді екеніңізді мойындаңыз

Көп адам темекі шегуді жай ғана әдет деп санап, бұдан кез келген уақытта құтыла аламын деп ойлайды. Темекіні қою кезіндегі ең алғашқы қадам аурумен бірден күресуден емес, өзіңіздің шылымға тәуелді екеніңізді мойындаудан басталуы керек. Иә, былай қарағанда бұл күлкілі естілуі мүмкін. Темекіні қойғысы келетіндер түрлі тәсілді пайдаланып, одан арылудың жолын іздейді. Мысалы, күн сайын шегетін темекі көлемін азайтады, шылымға қарсы пластырь қолданады. Бұл психикалық тәуелділік болса да, шылым шегуді әдет емес, дерт деп қабылдаңыз.

2. Сырттан күш іздеңіз

Басқа жеріңіз ауырса, дәрігерге барасыз. Оның емін қабылдайсыз. Жазып берген дәрісін міндетті түрде ішесіз. Сол сияқты темекіге тәуелді екеніңізді мойындағаннан кейін де басқа адамның кеңесіне жүгініңіз. Өйткені өзіңізден гөрі басқа адамның күшіне сенімді боласыз.

3. Темекі шегудің пайдасы мен зиянын жазыңыз

Қағазды екі бағанға бөліңіз де, темекі тартудың өзіңіз білетін пайдасы мен зиянды жақтарын жазып шығыңыз. Бұл тәсілдің пайдасы бар. Өйткені сізге темекі қорабының сыртында жазылған ақпарат пен қорқынышты сурет те соншалықты әсер етпеуі мүмкін. Әсер етсе де, оны тез ұмытып кетесіз. Ал қағазға өз қолыңызбен жазып шықсаңыз, темекіден сізге қандай зиян келіп жатқанын түсінесіз, көзіңізді анық жеткізесіз. Бұл нәрсе санаңызда жатталып қалады. Темекінің әр талын шеккен сайын миыңыз сол туралы сигнал береді. Тіпті, темекіге деген жиіркеніш пайда болады.

4. Қарапайым нәрседен жәрдем сұраңыз

«Темекі шекпеймін», «шекпеуім керек» деп жата берсеңіз, соңында темекіні қалай шегіп қойғаныңызды байқамай қалуыңыз мүмкін. Темекі есіңізге түскенде басқа нәрсемен айналысыңыз. Музыка тыңдаңыз. Кітап оқыңыз. Душқа түсіп, киімдеріңізді жуыңыз. Осы сияқты қарапайым нәрселер арқылы темекі туралы ойды ұмытып, көңіліңізді басқа жаққа аударып жіберіңіз. Өйткені тәуелділік санамен, мимен тығыз байланысты.

5. Өзіңізді жазғырмаңыз

Осы жағдайдан кейін де темекі шегіп қойсаңыз, қайғы-мұңға салынып, өзіңізді жазғырмаңыз. Темекімен күресуді қайтадан бастап көріңіз. Өйткені сіз темекіні біраз жылдан бері шегесіз. Ол сізге әдет болып жабысты. Сондықтан одан бірден арылу мүмкін емес. Бұл — ұзақ процесс. Оған уақыт пен күш жұмсауыңыз керек.

«Кеңес» кеңес беру орталығының мамандары темекіден, алкоголизмнен және ойынқұмарлықтан арылғысы келетін кез келген адамға тегін қызмет көрсетеді. Ол үшін 8 708 708 90 78, 8 700 090 09 60 байланыс нөмірлері арқылы қабылдауға алдын ала жазылуыңыз қажет.