Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Астанада жүк көлігі велосипед мінген баланы қағып кетті

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Астанада жүк көлігі кәмелетке толмаған велосипедшіні қағып кетіп, салдарынан бала қаза болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесі қиылысында болған.

Mercedes-Benz жүргізушісі Тәуелсіздік даңғылымен келе жатып, Пушкин көшесіне оңға бұрылған кезде жолды кесіп өтіп бара жатқан велосипедшіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан оқиға орнында қаза болды, – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жаяу жүргіншілер өткелі, мектептер мен тұрғын аумақтар маңында барынша мұқият болуға шақырды. Сонымен қатар ведомство өкілдері жол қозғалысына қатысушылар велосипедшілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ескеруі қажет екенін атап өтті.