«Жақсы оқушы» және «жаман оқушы»

Әуелі кластасым есіме түсіп отыр. Бастауышта оқитын кезіміз. Класта қыздардан үшеу ғанамыз. Бір шарада ән айтатын болдық. Әнге де, биге де икемім бар. Ол кезде DVD-ге диск салып, теледидардан караоке арқылы айтып дайындалатынбыз. Ән кімнің дауысына келетінін білу үшін мұғалім үш қызға да айтқызып көрмекші болды. Бірінші микрофонды маған берді. Даусыма келмейді екен. Жанымдағы кластасым да қызығып, «мен айтайыншы» деді. Бірақ мұғалім: «Ой, даусы дұрыс дегендердің өзі айта алмай жатқанда, саған не жоқ?» — деп бетін қайтарып тастады. Кластасым біртүрлі болып қалды.

5-класта оқимын. Математиканы жақсы білсем де, онымды көрсете алмайтын едім. Бұл пәннен беретін апайымыз қатал болатын: сәл қате жіберсең, ұрсатын. «Қате шығарып қоям ба?» деген қорқыныштан түсінбеген жерімді сұрай да алмайтынмын. Сөйтіп төмен баға алып жүрдім. Бірақ 8-9-сыныптарда бұл пәнді «бағындырдым». Апайым бұрынғыдай емес, жұмсақ сөйлейтін болды. Оған дейін «аға-әпкелерің жақсы оқыған, сен есеп шығара алмайсың, мақаусың» дегенді естідім. Бұл маған ғана емес, «жаман оқушының» бәріне айтылатын. Біздің мектепте «жақсы оқушы» және «жаман оқушы» деген тіркес бар еді. Әңгіме баланың сабақты қалай оқитыны туралы болса да, «жақсы» мен «жаман» адамның өзіне телініп айтылатын.

Қате жауап берсем, ұрсады ғой деген оймен іштей «қой, айтпай тұра тұрайын, басқа біреу айтсын» деп күтіп отырамын. Жауабым дұрыс болса да, айтуға батылым жетпейді. Өйткені қате жауап берген кездерімде «білмесең, тыныш отыр» дегенді естіп едім. Кішкентай болсам да, «Осы кісілер оқушыларды неге басып тастай береді екен? Одан да дұрыстап, ынты-шынтысымен түсіндірсе қайтеді? Бізді демеп жіберсе, оқымайтын бала жоқ қой» деп ойлайтынмын.

«3» қоям десеңіз, журнал алдыңызда»

Пәнді ешқашан баға үшін, апайларға жағымпаздану үшін оқымадым. Сабақ беретін мұғалім өзінің жұмысын жақсы көріп, қызықтыра алса, сол пәнді оқитынмын. Пәннің ұнау-ұнамауы мұғалімге байланысты еді. Бірде-бір мұғалімді жек көріп кеткенім жоқ. Бірақ көңіліме тигендері бар. Сол өкпе-реніш әлі күнге жоғалған жоқ, оны мойындаймын.

Жоғары сыныпта химия пәнінен беретін ағай болды. Біздің алдымызда өзін өте биік ұстайтын. Қазір қарап отырсам, өзін солай көрсету арқылы ішінде бүгіп жатқан қорқынышын жасыруға тырысыпты. «Сабақты жақсы білмейтінімді сезіп қалмаса екен, тұлға ретінде мықты адам емес екенімді біліп қоймаса екен» деген ойы болғанын енді ғана түсініп жатырмын. Сол қорқынышын жасырып-жабуы бізге кері әсер етті. Бізді төмендету арқылы өзін жоғары көрсеткісі келген екен. Маған ылғи «Аға-әпкелерің мектепті қызылмен бітірген, сен қалай мұндай болдың?!» деп намысыма тиетін. Бар болғаны мектеп оқушысымын, менімен сөз салғыласу ер адамға не керек деп ойлайтынмын. Оның үстіне, 9-10-сыныпта оқимыз. Жастық максимализм «ұрып тұр», басымыздан сөз асырғымыз келмейді. Бір күні әдеттегі «әні» шыдамымды тауысқанда, «Ағай, бұл сабақ маған мүлдем керек емес. ҰБТ-да сіздің пәнді таңдамаймын да. «3» қоям десеңіз, журнал алдыңызда. Ештеңем кетпейді», — деп былш еткізіп айта салдым. «Қорқа, қорқа батыр боласың» деуші ме еді?! Бірақ ол кісі тек сөздің адамы болып шықты. Мен үшін қадірі де қалмады.

«Қазір өзіме сенімсізбін, кез келген істі бастарда қорқақтаймын»

Мектептегі мұғалімдерімнің, одан қалса ата-анамның маған аса бір сене қоймағаны, үміт артпағаны есейген кезімде қабілет-күшіме күмәнмен қарауға алып келді. Олардың «қолыңнан келмейді» деуінің немесе қабілетіме немқұрайлы қарайтынының кесірінен көп дүниенің қолымнан келмейтініне өзім де сеніп қала жаздаған сияқтымын. Біраз тірлікті үйіріп әкететінімді білсем де, кез келген істі бастарда қорқақтаймын. Өзіме сенбеген соң бірінші болып сөйлегім келмейді, «мынаны былай жасайық, былай ұйымдастырайық» деп жетекші болмауға тырысамын. Бәрін қалай істеп, атқару керек екенін біліп тұрсам да, үндемей қалам. Бастысы, маған ешкім тиіспесе болды деп жүремін. Біреу жеке келіп, сөйлесе ғана шараға кірісемін.

«Іштей алғыс айтатын ұстаздарым да жоқ емес»

Оқушы мұғалімдерінен қашан да қолдау күтеді. Өзіме деген сенімнің жоғалуына әсер еткен мұғалімдерден бөлек іштей риза болатын апай-ағайларым да бар.

Директор ағай. Ол кісімен ҰБТ-ға дайындалған кезде бәріміз жақсы араластық. Қатал қарайтын, сөйте тұра жүрегі кең екені, бізге тілекші екені сезіліп тұратын. Әділ еді. Балаға қатал болу керек кезді де, мақтап, ынталандыратын сәтті де дөп басатын. Ең бастысы, оқушыны, біздің не ойлап, не сезініп тұрғанымызды түсінетін. Тестіге жатпай-тұрмай дайындатып, жексенбі күндері компьютер класын ашқызып, өзі басы-қасымызда жүретін. Жалғыз демалысында кім жұмыс істегісі келеді? Біздің директор, әрине. Сөйте тұра: «Тест келе жатыр екен деп әке-шешенің мойнына мініп алмаңдар, бір ауық үй шаруасына қолғабыс етіңдер», — дейтін. Сол кезде өзімізді ғана маңызды санап кетпей, үйге де қарап қою керек екені есімізге түсетін.

Директор жыл басында күн сайын компьютер мен кітапша арқылы тест тапсыртқызатын. Қазақ тілінен 22-23 балл жинап жүрдім. Ол кезде ең жоғары балл — 25. Бір күні сол пәннен беретін апайыма қарап: «Пәленше, мына қыз неге 23 алып жүр? Неге 25-ке жеткізбейсіңдер? Білмеген сұрақтарын түсіндіріңдер», — деді. Маған: «Бері қара. 25 аласың ба? 25-ке жетесің бе?» — деді. «Иә, иә, жетемін», — дедім. Ол кісінің әрқайсымызға мұқият қарайтынына таңғалдым әрі риза болдым.

5-кластан бері математикадан беретін мұғалімім «Сен түгілі әкеңе сабақ бергем!» дейтін. Жүзі сұсты, мінезі қатал. Бірақ шынымен мықты маман еді. Орта сыныптарда математикадан төмен үлгерім алып жүргенімді айттым ғой. Кейін есеп шығара алатын қабілетім барын көрсете алдым. Содан кейін мұғалім маған сенім артты. ҰБТ-да, ең әуелі, сол кісінің үмітім ақтағым келді. Оным орындалды.

Мұғалімдер оқушымен қандай қарым-қатынас жасағаны дұрыс?

Осының бәрін кезінде мектеп психологына не үшін айтпадың деуіңіз мүмкін. Біздің психологтар қандай еді?! Айына бір рет кактустың суретін салғызады. Онда да қара, қоңыр сияқты қараңғы түстермен емес, ашық түспен бояуымыз керек екенін, тікен салмау қажет екенін айтады. Бұл ертең тексеру келсе, балалардың психологиясы жақсы, ешқандай проблема жоқ деу үшін керек болған шығар. Мектепте психологпен сөйлесіп, шер тарқатып, ақылдасқан оқушы мен ата-ананы көрмедім. Оның себебі «ұят болады» мен «ертең бүкіл мектеп сен жайлы айтып жүрер» деген ойда болар.

Қазір тұрмыс құрғанмын. Жолдасым — мұғалім. Оған ылғи: «Оқушының обалына қалмаңыз. Бетін қайтарар, көңіліне тиер сөз айтпаңыз. Сабаққа деген құштарлығын оятуға тырысыңыз. Сіздің пәніңізді оқымаса, басқа пәнге икемі бар. Ал сіз қолыңыздан келгенін жасасаңыз болды», — деп айтып отырамын. Бір жағы, ішімдегіні солай шығарып аламын. Менікі ақыл айту емес, пікір ғой.

Мұғалімдер оқушылардың робот немесе шетінен вундеркинд емес екенін саналы түрде түсінсе деймін. Бәрі бірдей тілден де, математика мен әдебиеттен де дарынды болуы өте сирек кездеседі. Дұрысы — әркімнің икемі әрқалай екенін ұғыну. Оқушыға ұнамайтын, беттегісі келмейтін саланы мәжбүрлеп оқытқанын қаламаймын. Оқығысы келмесе, намысына тиетін, сеніміне күмән келтіретін сөздер айтып, өзінің ғана ішіндегісін шығарып алмаса деймін. Мұғалім оқушыға не деп айтқанын ұмытып кетер, алайда бала оны өмір бойы есінде сақтауы, көкірегінен қуа алмай, миынан шығара алмауы мүмкін.

Салима Сатылғанова, психотерапевт:

Оқушы үшін мұғалім не себепті маңызды?

Бұл жерде оқушы үшін беделді адам — мұғалім. Оның айтқаны бала үшін белгілі бір деңгейде заң. Мәртебе тұтатын, тұлға көретін кісі адамға қатты әсер етеді. Бала оған «болмаса да, ұқсап бағады». Ондай адамның кемсіткені немесе немқұрайлы қарағаны оқушыға үлкен жарақат салады. Бұл — жан жарақаты. Шәкірттің тұлғалық сапасын төмендететін дүние — мұғалімнің хат жазған оқырманды оның бауырларымен салыстырғаны, табиғи болмысына үңілмегені. Баланың болмысын бағаламаса, оның өзін-өзі жетілдіруі, бағалауы төмен болады. Өзін лайық бағалай білмеген тұлға есейгенде «мақтауға лайық емеспін», «қанша іс тындырсам да мені ешкім бағаламайды» дейді. Себебі миында бір «сыншы» отыр. Сол оған мұғалім ретінде тыйым салып тұрады. Оның өмірлік ресурсын жоғарылатпайды, керісінше бетін қайтарып отырады.

Шәкірт — сарыуыз, өмірге орнықпаған, бұғанасы бекімеген. Өміріндегі басты тұлғалар баланы қалыпқа қалай салады, солай кетеді. Хат жазған оқырман кей пәнді жақсы көргенін, кейбіріне ыңғайы жоқ болғанын мойындап отыр.

Мұндай адамдар неден бастайтынын, өмірге не нәрсе жетелейтінін білмей қалады, яғни өзін жоғалтып алады. Ал бұл хат жазған оқырманның бір артықшылығы қай іске икемі бар екенін, қолынан не келетінін анық біліп отыр. Әлгі миындағы «сыншыны» өзі жақсы көретін іспен айналысу арқылы жеңіп шыға алады.

Өмірден өз орнын тез табуға мүмкіндігі бар. Бұл жолда ол алғашқы қадамды жасады. Онысы — журналиске хабарласып, ішіндегісін ақтара алғаны, одан кейін көмек сұрай білгені. Бұл — шынымен үлкен қадам. Оқырман алғыр екен, ондай адам мақсатына жетеді. Бар болғаны, өзіне ұнайтын іспен айналыса беруі керек.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов