Не болды?
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылға арналған келісімшартта келесі Олимпиададан міндетті түрде медаль алу туралы ереже бар екенін айтты. Спортшы бұл тармақты заң тұрғысынан қайта қарауды талап еткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Михаил Шайдоров Тhreads-тегі парақшасында мәлімдеме жасап, жалған ақпаратқа ілеспей, қолдау көрсеткен жұртқа рақмет айтты. Спортшының сөзіне қарағанда, кейбір мәселені көпшілікке жария етпей, шешу мүмкін емес және министрлікпен тартысқа түскісі келмейді. Дегенмен ол аты мен абыройын жұрт алдында қаралауға жол бермейді.

2030 жылғы Олимпиададан медаль алу жайлы талап
Спортты дамыту дирекциясы Михаил Шайдоровтың жалақысы туралы мәлімдеме жасаған еді. Спортшының сөзіне қарағанда, дирекция 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты бекіту үшін Шайдоровпен тек мамыр айында байланысқан. Ол келісімшартқа жалақы сомасына келіспегені үшін емес, 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде медаль алу туралы қисынсыз талап болғандықтан қол қоймаған.
Біз командамызбен келісімшарттың осы тармағын заң тұрғысынан қайта қарауды өтіндік. Өйткені мен 2026 жылы төрт жылдан кейін өтетін Олимпиададан медаль ала алмаймын ғой. Мен де, командам да 5 айдан бері жалақы алмадық. Спортты дамыту дирекциясы маған қаңтар айы мен 2026 жылғы 22 ақпанға дейінгі жалақыны ғана төледі, — дейді Михаил Шайдоров.
Жалақымды «Балаларды қорғау күніне» орай балаларға жұмсаймын
Спортшы бір ай бойы 5 маусым күні оқу-жаттығу жиыны жоспарланғанын және жаттығудың маңызын хабарлап, түсіндірсе де, мәселе ескерусіз қалған.
Оқу-жаттығу бағдарламасына ақша төлене ме, жиынның ақысы өтеле ме, билет сатып алып бере ме деп сұрадық. Алайда осы күнге дейін дұрыс жауап ала алмадық. Тіпті, жиын ұйымдастырылмады. Ал ұшуға бір-ақ апта қалды. Егер дайындықты ұйымдастыруға қаржы бөлінетін болса, маған төленбеген жалақыны түгел «Балаларды қорғау күніне» орай балаларға жұмсаймын. Бұл — менің және мені қолдайтын барша жұрттың атынан балаларға сыйлық. Бала — біздің болашағымыз, біз оларды бағалауымыз керек, — дейді Шайдоров.
«Еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігін алмадым
Спортшы өмір бойғы төлем жайлы министрлік хабарлаған ақпарат шындыққа жанаспайды деп отыр. Шайдоровтың сөзінше, мұндай төлем алу үшін 20 жыл еңбек өтілі болу қажет. Ал оның жасы қазір 21-де. Ол бұл төлемге үміт артпайтынын және оны алу үшін біраз еңбек ету керек екенін жеткізді.
Әлі күнге дейін маған Қазақстанның «Еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігі табысталмады. Куәлік алу талабын 2025 жылғы Әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген кезде-ақ орындап қойғанмын. Мәселе салтанатты жиынға қатысып, қызыл кілеммен жүріп өтуде емес. Куәлікті поштамен, конвертке салып жіберсе де алуға дайынмын. Бұл куәлік — менің он жылдық еңбегімнің нәтижесі, артымнан қалатын мұра, — дейд спортшы.
Контекст
Естеріңізге салайық, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтқан еді.
