Мемлекет тарапынан төменгі процентпен 4 миллион теңге несие алып, қажет техниканы Қытайдан әкелткен. Барлық жұмысты істейтін техниканы екі адам басқарып отыр. Кентау, Түркістан базарларына тауарларын ұсынып отырған өнімге сұраныста жетерлік.
Шығарып отырған өнімге қажет құралдар шет мемлекеттен тапсырыспен алынып отыр. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, техниканың санын арттырып, қажеттің барлығын өзіміз жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл шұлықтар жібек жіптерінен тігіледі. Сол себепті тұтынушы тарапынан сұраныс көп, — дейді цех басшысы Әлішер Ерметұлы.
Осындай мемлекеттік қолдаумена түркістандық кәсіпкер Роза Алдашова да жеке кәсібін ашып, жүргізіп отыр. Ол 2016 жылы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 7%-пен 32,7 миллион теңге несие алып, тігін цехын іске қосқан. Қазіргі таңда цехта 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіп иесі өздерінің шығарып отырған тауарларына сұраныстың жоғары екенін айтады. Ол алдағы уақытта цехтың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Мұнда жұмысшыларға қажет барлық жағдай жасалған. Қызметкерлер мекеменің есебінен екі мезгіл тамақтанады. Сонымен қатар олардың жұмысқа келіп-кетуіне ыңғайлы тасымал шаралары қарастырылған. Айта кетейік, мұнда жұмыс істейтіндердің көпшілігі — І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері. Олардың қатарында есту қабілетінен айырылған жандар да бар. Жалпы, цехта төсек-орын тысы, ерлердің костюм-шалбары мен арнайы киімдер дайындалады, — дейді «Көне құмыра» ЖШС басшысы.
Кәсіпкерлерге қолдау білдіріп келе жатқан «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы 2009 жылы құрылған. Бұл орталық негізінен облыс кәсіпкерлеріне несие және қаржылық лизинг беру арқылы қаржыландыру жұмыстарын жүргізеді.