Басты бетҚоғамНұр-Сұлтанда Қызылорданың...

Нұр-Сұлтанда Қызылорданың ауыл шаруашылық өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр

Қызылорда өңірінің елордаға тартуы 2 күн жалғасады. Жәрмеңкеге Қызылорда мен жеті ауданының 70-ке жуық шаруашылық пен кәсіпорындары 30 автокөлікпен 360 тоннаға жуық жоғары сапалы өнім ұсынып отыр.

Қызылорда жәрмеңке
Фото: Ермұрат Назарұлы

Бүгінде ауылдағы «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбегін іске асыру бастамасымен Қызылорда өңірінің диқандары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жалпы 100 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін әкеліп, Нұр-Сұлтанның тұрғындарына нарық бағасынан 10-20% төмен бағада ұсынуда.

Барлық шаруа үшін бұл қуанышты мезет. Өйткені көктемде басталатын жұмыс жазда қызып, күзде жемісін көреді. Қызылорданың брендіне баланатын ақ күріші, балығы мен астұзы, қауыны мен қарбызынан Арқа төріндегі тұрғындар дәм татып жатыр.

Қызылорда жәрмеңке
Фото: Ермұрат Назарұлы

Қызылордалықтар жәрмеңкеге 146 тонна ақталған күріш, 27 тонна балық және балық өнімдері, 28 тонна асқабақ, 126,5 тонна бақша, 18 тонна көкөніс пен жеміс және 14,5 тонна басқа өнім түрлерін әкелді.

Тез бұзылатын сүт өнімдері секілді тауарлар рефрижератор көлігімен жеткізілді. Сатушыларға арнайы униформа берілді. Карантин талаптары толық сақталған. Барлығы дезинфекция құралдарымен қамтылған.

Қызылорда жәрмеңке
Фото: Ермұрат Назарұлы

Биыл Қызылорда облысы аграрлық салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Егіс көлемі – 1,1 мың гектарға артып, 184,2 мың гектарды құрады. Барлық дәндi дақылдар 99,9 мың гектар, майлы дақылдар 5,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 61 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,6 мың гектар болса, негізгі дақыл күрiштің көлемі — 89,5 мың гектар.

Қызылорда жәрмеңке
Фото: Ермұрат Назарұлы

Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100% жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. 67,5 мың гектар егіс тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілсе, 65,6 мың гектары арамшөптерге қарсы өңделді. Облыста күрішке орақ салу 22 тамыздан басталды. Бүгінде 24 865 гектар күрішке орақ салынып, оның 16 898 гектары бастырылды. Әр гектарынан орташа 49,3 центнерден өнім алынып жатыр. Биыл әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына қатысты карантин шаралары мен орын алған суармалы су тапшылығына қарамастан Қызылорданың диқандары былтырғы көлемде өнім жинауын жоспарлап отыр. Егін жинау жұмыстарын 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау көзделіп отыр. Жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектар артса, әртараптандыру бағытында кейінгі 6 жылда мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 6,9 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайып отыр.

 

Сонымен қатар бүгінге облыста 227 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 19,7 мың тонна ет, 48,5 мың тонна сүт өндіріліп отыр. Қызылорданың ауыл шаруашылығы өнімдері қазіргі таңда әлемнің 17 мемлекетіне экспортталып жатыр. Экспортталған өнімнің 92,4%-і облыстың негізгі дақылы — күріш өнімі Ресей, Қырғызстан, Беларусия, Әзірбайжан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Украина, Түркмения және Ирак мемлекеттеріне шығарылып жатыр.