Астанада ең үлкен мұз айдынының құрылысы басталды

Астанада ашық аспан астындағы ең үлкен мұз айдынының құрылысы мен жаңажылдық мерекелерге көшелерді безендіру жұмыстары басталды. Онда 2017 жылдың басты нышаны — Тауық қана емес, ЭКСПО көрмесі де болады.

Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жамал Әбікенованың айтуынша, бүгінде «Арай» саябағында аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын 250 адамға арналған мұз айдынының құрылысы басталды. Онда конькиді жалға беру орны, медициналық пункт, дәмхана, радиохабарлағыш және LED-экрандар орналастырылады. Мұз айдынының аумағында сондай-ақ, сырғанайтын төбешіктер орнатылады.

Мұз айдындары қаланың өзге екі ауданында да салынады. Олар шамамен 16 желтоқсаннан бастап жұмыс істей бастайды.

Астана қалалық Мәдениет басқармасынан хабарлағандай, елордада Жаңа жыл мерекесіне орай барлығы 17 шырша орнатылып, төрт мұз қалашығы бой көтереді. Бір ғана Есіл ауданы мен Үркер, Қаламаңы тұрғын алқаптарында 10 жаңажылдық шырша орнату жоспарланған.

Айта кетейік, биыл еліміздің басты шыршасы «Хан Шатыр» СОСО маңына орнатылатын болады. Осында сондай-ақ төрт мұз қалашықтарының бірі салынады.

ДереккөзҚазАқпарат