Президент карантин шектеулерін біртіндеп жеңілдету маңызды екенін айтты

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысының биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебін тыңдады.

Премьер-министр 8 айда қайта өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 3,3%, оның ішінде машина жасау 16,3%, көлік құрастыру 51,8%, сонымен бірге фармацевтика 34,1%, жеңіл өнеркәсіп 11%, химия өнеркәсібі 3,1% және дайын метал өнімдерін шығару 18,8% өскенін мәлімдеді.

2020 жылы Индустрияландыру картасы аясында, жалпы сомасы 996 миллиард теңге болатын 206 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл өндіріс көлемін 1,3 триллион теңге, экспортты 325 миллиард теңге арттыруға және 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері 71 мың жаңа үй салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6% артық.

Ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсім 4,9% болды, азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6% артты.

Асқар Маминнің айтуынша, қабылданған шаралар нәтижесінде әлеуметтік маңызды тауарлар бағасынының артуын 4,4% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді, бұл өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда екі есе (8,7%) төмен.

Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша 874 мың адам жұмыс тапқан.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету, өндіріс үдерістеріне жаңа технологиялар енгізу, эпидемиология жағдайын тұрақтандыру мен карантин талаптарын біртіндеп жеңілдету маңызды екенін айтты.