Қазақстанда әлі күнге дейін екінші рет коронавирус инфекциясымен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеді. Ондай ақпарат жоқ, — деді Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі азаматтар коронавирусты анықтайтын сараптаманы қандай жағдайда тегін жасататыны туралы айтты.
Қазақстан Республиканың кез келген азаматына коронавирус инфекциясын жұқтырып алдым деген ой келсе, 103 нөміріне хабарласып немесе өзінің тіркелген поликлиникасына барып ПТР тестін ақшасыз, тегін жасату мүмкіндігі бар, — деді Бағдат Қожахметов.
Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 106 661-ке жетті, науқастардың 94,1%-і (100 409) аурудан айықты. 1 656 науқас қайтыс болды.
