– Назым, АҚШ білім беру жүйесінің біздің елден қандай айырмашылығы бар?

– Бір қызығы, АҚШ-та Білім және ғылым министрлігі деген мемлекеттік деңгейдегі басқарушы ұйым жоқ. Әр штаттың, тіпті әр қаланың жеке білім департаменті бар. Сондықтан бір мемлекет бола тұра, әр аймақтың білім жүйесі мен мектеп ұстанымы әртүрлі. Иммигранттар елі болған соң барлық балаға қолжетімді білім береді. Ал білім сапасы тұрған ауданыңыздағы мектепке байланысты. Мәселен, ауқатты және орта табысы жоғары адамдар өмір сүретін ауданда орналасқан мектептің базасы да жақсы болады. Себебі мектептің қаржыландырылуы сол аудан халқы төлеген салыққа байланысты. Қаражаттың көлемді болуы мектептерге жақсы мұғалім шақыруға, заманауи техникалармен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

– АҚШ мектептері жайлы айтып беріңізші. Балаға оқу бағдарламасын игеру оңай ма?

– Мұнда құрылым бойынша мектеп үшке бөлінеді. Біріншісі – бастауыш мектеп (elementary school), яғни мектепке даярлықтан бастап 5 сыныпқа дейін бөлек оқытады. Әр ауданда әдетте 2-3 бастауыш мектебі болады. Екіншісі – орта мектеп (middle school) 6-9 сынып аралығында. Одан кейінгі жоғары сынып (high school) 9-12 сынып арасында оқиды. Бастауыш, орта, жоғары сынып бір мектепте орналаспайды. Бөлек жүреді. Бастауыш және орта мектеп кезіндегі оқу бағдарламалары балаларға жеңіл келеді. Бастауышта үй тапсырмасын жасау уақыты 15 минуттан аспайды. Жоғары сыныпта оқу бағдарламасы бірден қиындайды. Бұл кезеңге көшкенде оқушылар таңдаған бағытына, мамандануына немесе қабілетіне қарай, гуманитарлық, техникалық, тағы басқа салада тереңдетіп білім алады. Пәндерді өздері таңдап, оқу бағдарламасын өздері жасақтайды. Мектептердің 1-10 балға дейінгі шкала бойынша рейтинг бар. 8 балдан асқан мектептер жақсы болып есептеледі. Көп ата-ана балаларын жақсы жоғары оқу орнына түсіру үшін орта және жоғары сынып кезіндегі мектептерді мұқият таңдайды.

– Мектептерден қандай ерекшелік байқадыңыз?

– АҚШ-та кез келген мектептің іші құдды бір шығармашылық орта секілді. Кіреберістен төрге дейін балалардың жазған шығармалары, қолдан жасаған дүниелері мен жобалары, салған суреттері ілініп тұрады. Сыныптың ішінде де міндетті түрде балалардың жеке суреттері, жобалары, тіпті сол жылға қойылған мақсаттары жазылады. Ақ қабырға, қара тақта, бәленшенің айтқан сөзі, саясаты деген жасандылық жоқ. Мектеп қызыл-жасыл қанық түстермен әрленген, кіргеннен балалар ордасы екені сезіледі. Түрлі-түсті қораптардың ішінде ойыншықтар, кітаптар, қалам-қарындаштар, қағаздар секілді оқуға керек заттар тұрады. Балалар сабағына үйден ешнәрсе тасымайды. Мұнда біздегідей «Апай, дәптерім үйде қалды, қаламсапты ұмыттым» дегенді білмейді. Оқу жылының басында ата-аналарға баласының оқуға қажетті құралдарының тізімі беріледі, оны тапсырған соң жыл бойы сізді мазаламайды. Тізімде бір қорап қалам, үш түрлі қорап түрлі-түсті қалам, фломастер, А4 қағаз, 7-8 қалың дәптер, файл секілді стандартты 10-15 зат болады. Немесе жыл соңында сайттан тапсырыс берсеңіз, бүкіл қажетті заттарды (сөмкесіне дейін) үйіңізге жеткізіп береді. Бұл көпбалалы отбасы үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Тағы бір байқағаным, мектепке баратын уақыт жақындағанда оқуға керек заттар бағасы себепсіз өзгермейді. Керісінше, жеңілдіктер науқаны басталып, ата-аналардың жүгін жеңілдетуге көмектеседі.

АҚШ мектебі
Фото Назым Қанқожаның жеке архивінен

– Сабақ уақыты мен оқитын пәндері жайлы айтып берсеңіз.

– Оқу кестесі бойынша сабақ таңғы 7.50-ден түскі 2.20-ге дейін жүреді. Ата-анасының әлеуметтік жағдайы төмен болса, балаға таңғы және түскі ас тегін беріледі. Сағат 10.30-да жеңіл ас болады. Мектепке арнайы сөмкеге жеңіл печенье, йогурт, жеміс секілді тағам салып апарады. Сағат 12.00-13.00 аралығында әр сынып түскі асын ішеді. Түскі аста бес күнге бес түрлі меню болады.

Бағдарламаға келетін болсақ. Мәселен екінші сыныпта күніне үш сабақ болады. Ол – жазу, математика, оқу, әлеуметтік ғылымдар, дүниетану, өнер, ғылым, дене шынықтыру секілді пәндер. Өнер сабағында сурет салып, ән-би, театр өнерін арнайы мұғалімдер үйретеді. Ғылым сабағында ғылыми жобалар жасайды. Зерттеулері сыныбына қарай күрделене береді. Балалар берілген әр тапсырманы жеке жоба ретінде зерттеп шығады.

Маған ұнаған дүние бар: жазу пәні бойынша 1 сыныпта кітап жазды. Сонда барлық балаға бір кейіпкер берілген. Әр қайсысы өз қиялымен оқиғаны өрбітіп, суретін салып, жазып, кітап қылып құрастырып шығарады. Әлеуметтік ғылымдар сабағында география мен тарих сабағы бірігіп өтіледі. Осы пәннің практикалық бөлімінде әр түрлі ұлттардың тыныс-тіршілігін, ұлттық тағамдары мен дәстүр, ерекшеліктерін зерттеу үшін Нью-Йорктағы сол ұлттар өмір сүріп жатқан аудандарға саяхат жасайды.

АҚШ оқу жүйесіндегі тағы бір ерекшелік: балалардың кітап оқуына мұқият көңіл бөлінеді. Бала үйде күнделікті 20 минут оқу керек деген ескерту әр сыныпта ілініп тұрады. Ата-аналар жиналысында еске салып отырады. Күн сайын мектептен 3-4 кітап әкеліп оқиды.

АҚШ мектебі
Фото Назым Қанқожаның жеке архивінен

– Ұстаздар мен оқушылардың қарым-қатынасы қандай?

– АҚШ-тағы мектептің біздің елдегі мектептен ерекшелігі – еркіндік. Ой-пікір еркіндігі, киім, таңдау, талғам еркіндігі. Кейб діни және жекеменшік мектептер болмаса, басқаларында арнайы бекітілген форма жоқ. Бала өзін қай киімде ыңғайлы сезінсе, сол киімде келеді.

Ұлымыздың мектеп директоры үнемі таңертең балаларды жеке күтіп алады және оқудан соң шығарып салады. Әр оқушының атын біледі, қал-жағдайларын сұрайды. Мектептен қайтқанда бүгінгі күнді қалай өткізгенін сұрайды. Балаға тұлға ретінде қарау мектеп директорынан басталады. Ал мұғалімдері балаға төбесінен төніп сөйлемейді, иіліп балаға өзі жақындайды және кез келген сұрағын жауапсыз қалдырмайды.

Тағы  бір артықшылық ретінде баланың шаршап қайтпайтынын айтуға болады. Мектептен шыққанда көзі жайнап, ойнауға, одан әрі қосымша курстарына, кітапханаға баруға талаптанып тұрады. Біздегідей әр пәннен ауыр-ауыр кітап арқалау жоқ. Күнделікті өтетін бағдарламаны қағазбен таратып, біткен соң арнайы журналға жинайды. Жыл аяғында сол журналдарды балаға қайтарады. Бағдарлама жүктемесі қиын болмағандықтан мектепке көңіл көтеріп, ойнап, жаңа нәрсе біліп қайтатын жер ретінде қарайды.

Мұнда баланың себепсіз сабақтан қалуына болмайды. Оқушының сабаққа қатысуы нашар болса, тіпті көп кешігетін болса, ата-ананы жауапкершілікке тартады.

– Колледж не ЖОО-ға түсу үшін Қазақстандағыдай ҰБТ тапсыра ма? Диплом алып, жұмыс таппай жүретін бітірушілер бола ма?

– Жоғары оқу орнына түсер кезде біздің ҰБТ секілді SАT деген тест бар. Соны тапсырады. Сынақтар өте әділ өтеді. Жоғары деңгейде тапсырған балалар жақсы оқуға түсуге мүмкіндік алады. Біздегідей дипломмен жұмыс таппай жүретіндер аз деп ойлаймын. Себебі мұнда әр университетке оқуға түсетін кезде ЖОО түлектерінің қанша пайызы жұмысқа тұратыны, осы оқуды бітірген соң айлықтың қаншадан басталатыны туралы алдын ала ақпарат береді.

– Қазір біздің балалардың мектепте білімге құштарлығынан гөрі смартфонға деген тәуелділігі басым. Америка балалары смартфонға қаншалықты тәуелді?

– Америка балаларының смартфонға тәуелділігі жоқ деп айта алмаймын. Мұнда белгілі бір шектеулер бар. Мәселен, бастауыш мектепте бесінші сыныпқа дейін мектепте ұялы телефон ұстауға тыйым салынады. Орта және жоғары сыныпта класс ішінде телефон қолдануға шектеу қойылған. Әр жиналыста ата-аналарға гаджеттердің балаларға әсері туралы психологиялық ақпараттар беріп отырады. Сондай-ақ ата-ананың электронды почтасына ескерту хаттар жібереді. Бала күніне кем дегенде 20-30 минут кітап оқуы керек. Әсіресе ұйықтар алдында. Жатарда және таңертең ояна сала телефонды ұстатпауға, оқуға, білім алуға құштарлығына әсер ететіні туралы ақпараттар беріп отырады.

Назым
Назым Қанқожа. Фото жеке архивінен

– АҚШ-тағы бала тәрбиесі жайлы білгіміз келеді.

– Мұнда баланы тәрбиелемейді, онымен санасады. Тұлға ретінде қарайды. Оның ойы мен ісін сыйлайды. Кез келген тақырыпта ашық сөйлеседі. Еркін ойлауға, өз ойын айтуға мүмкіндік береді. Ата-ана өз көзқарасын, ұстанымын тықпаламайды. Таңдауды бала өзі жасайды, ал ата-ана баланың таңдауын құрметтейді. Заңға бағынуды және өз құқығын білуді талап етеді. Қателік жасау дүниенің соңы емес екенін, одан шығудың жолы барын көрсетеді. Кез келген адамды сыйлауды (бомж, кедей, мүгедек ешқайсысын бөліп жармауға), дініне, ұлтына, нәсіліне, жынысына қарамай құрметтеуді үйретеді. Баласын басқа біреудің ұл-қызымен салыстырмайды.

Біреуге күлмеуді, мазақ етпеуді жастайынан құлағына сіңіреді. Балалар бір-бірінің киімі немесе тіл білмегені үшін мазақтамайды. Көмектесуге, қоғамдық істерге араласуға дайын тұрады. Қайырымдылық жасау мектептен басталады. Кітаппен дос болуына, кітап оқуына қатты көңіл бөледі. Әкесі мен қызы, анасы мен баласы, отбасы боп кітапханада күнделікті жүру, ұйықтар алдында кітап оқу қалыпты жағдай.

Балаларға арналған Америка басылымдары туралы не айтасыз? Газет-журнал оқитын балалар саны көп пе?

– АҚШ- та балалар әдебиеті өте қатты дамыған. Балаларға оқуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан әр баланың жасына, сыныбына сәйкес, оқу деңгейіне, қабылдауына, оқу жылдамдығына байланысты әдебиеттер де, газет-журналдар өте көп. Кітапханалар жүйесінде балалар әдебиетінің өте бай болуы мені қатты таңғалдырды. Америкада балалар кітапты өте көп оқиды. Әріп тани бастағаннан соған бейімделген. Күніне бір кітап оқиды. Жаз айында бір айда 100-500 кітап оқыған балалардың тізімі кітапханаларда арнайы тақтада ілініп тұрады. Әрі ондай балалар көп. Мұнда кітап оқу мәдениеті мықты қалыптасқан. Мектепте, қоғамдық кітапханалар жүйесі де баланы кітап оқуға ынталандырады. Сондықтан балалар басылымдарының жұмысы жанданып жатады. Көп кітап оқитын балаларға арнайы сыйлықтар жасап, шабыттандырып отырады. Оларға ғылыми мұражайларға тегін жолдама береді. Кітаптар балалардың жасына сәйкес шағын, суретті, жазуы аз етіп жасалған. Сыныбы жоғарылаған сайын кітаптың беті де қалыңдай береді. Балам бірінші сыныпты бітірген кезде 250 кітап оқыды. Қазір кітап оқуға деңгейі артты. Енді қалың кітаптар оқиды. Оның ішіне журналдар да кіреді. Балаға күн сайын бір кітап оқу – мектептің де, ата-ананың да басты талабы. Сондықтан да Қазақстан АҚШ-тан қандай үлгі алса болады деген сұраққа «кітап оқу» деп жауап берер ем. Балаларға біз де кітап оқу мәдениетін үйретсек деймін.

– Болашақта алпауыт елге білім алуға не жұмыс жасауға барғысы келетін қазақ жастарына қандай кеңес бересіз?

– Ең бірінші тілді жетік меңгеріп келуге кеңес беремін. Қандай да бір мақсат қойсаңыз, сол мақсатыңызға жету үшін, аянбай еңбек етіп, талпыну керек. Мұнда келген соң көбісі қиындыққа шыдамай сынып кетеді. Егер мақсат айқын болса, кез келген жерде жеңіске жетуге болады. Шетелге келер алдында сол ел туралы өте көп ақпарат жинаңыз. Неғұрлым ақпаратты көбірек білсең, сол елдің өмір салтына тез бейімделіп кетесің. Қай жерде жүрсең де, өз өміріңе жауапкершілік алмай, еш жерде жақсы өмір сүрмейсің. Мұнда жалқаулыққа жол жоқ. Кез келген әдемі өмірдің артында тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіп, қайсар мінез тұратынын есте ұстаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!