сабақ, оқушы, SDCL бастауыш мектебі
Бірінші сынып оқушылары. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

«Білім-Инновация» және «Білім орда» халықаралық қоғамдық қорларына қарасты SDCL бастауыш мектебі 2018-2019 оқу жылынан бастап 1-3-сыныптарды оқытады. Директор Дархан Байтабыновтың айтуынша, мектеп таза қазақ тілінде оқыту және сапалы білім мен тәрбие беру мақсатында ашылған. Мектеп ұжымы еркін қазақы орта қалыптастыру мен ағылшын тілін тереңдете оқытуға ден қояды. Бірінші сыныпта ағылшын тілі аптасына 7 сағат болса, екінші сыныптан бастап 9 сағат өтеді.

Дархан Байтабынов, SDCL директоры
Дархан Байтабынов. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ағылшын тілінен Филиппиннен келген мұғалім Kathleen R. Jimenez сабақ береді. Оның айтуынша, бастауыш сыныптардағы ағылшын тілі пәні мұғалімнен үлкен дайындықты қажет етеді. Ойын баласына жаңа тілді меңгеру қиын. Педагог TPR (Total physical responseСан Хосе университетінің психология профессоры Джеймс Ашердің ойлап тапқан тіл меңгеру әдісі) әдісін қолданады. Бұл әдіс бойынша бала кез келген жаңа сөзді қимылмен көрсете отырып, ассоциациямен жаттайды.

Kathleen R. Jimenez, филиппиндік ағылшын тілі мұғалімі
Kathleen R. Jimenez. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Келесі бір қолданатын әдісім — Student-centred learning. Кез келген мұғалім о бастан әр оқушының деңгейін, оның ақпаратты қабылдауын аңғарып алуы керек. Ешқашан бір сыныптағы барлық оқушының деңгейі бірдей болған емес. Бір оқушы белсенді үйренуші болса, біреуі пассив үйренуші болуы мүмкін. Белсенді үйренушіге тек теория беру аз, оны әрдайым қозғалту керек, жарыстыру керек. Ал пассив үйренушіге өте қарапайым түрде аз-аздан білім беріп, кейде жеке қалып үйрету тиімдірек, — дейді Kathleen R. Jimenez.

Бір сыныпта екі сынып жетекшісі болады. Бірі негізгі мұғалім болса, бірі — ағылшын тілін жетік меңгерген сынып жетекшісінің ассистенті. Оқушылар таңертеңнен кешке дейін мектепте сабақ оқып, түрлі үйірмеге қатысады. Үш мәрте тамақ ішіп, үй жұмысын да осында орындайды екен. Қазір мектепте 9 үйірме жұмыс істейді. Олар: «Интеллектум», құм санаты, робот техникасы, домбыра, күрес, бокс, бейнелеу өнері, вокал және хореография.

оқушы, мұғалім, SDCL бастауыш мектебі, құм санаты
Sand Art үйірмесі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мысалы, Sand Art үйірмесінің жетекшісі Іңкәр Қуандықованың айтуынша, құммен жұмыс істеу баланың жүйке жүйесін тыныштандыра отырып, саусақ моторикасын, фантазиясын дамытады. Бұл жерде шаңы шықпайтын, бірнеше тазарту деңгейінен өткен арнайы кварцталған құм қолданылады. Бірінші жылы оқушы жалпы жұмыс істеу әдістемесімен танысса, кейінгі жылдары анимацияға көшеді.

оқушы, мұғалім, SDCL бастауыш мектебі, құм санаты
Іңкәр Қуандықова оқушылармен. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
оқушы, мұғалім, SDCL бастауыш мектебі, құм санаты
Құм санаты. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ал екінші сыныптан бастап жүретін робот техникасы үйірмесінде WeDo 2.0 lego education конструкторлары қолданылады. Оқушылар әуелі компьютерлік бағдарламаны енгізіп, кейін оның конструкциясын жасайды.

оқушы, компьютермен бағдарламалау, робототехника
Машинаның бағдарламасы алдымен компьютерде құрастырылады. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
робототехника, оқушы
Оқушылар өздері жасаған машиналарды жарыстыруға дайын. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір әр сыныпта орташа есеппен 18 бала оқиды. Бұл мемлекеттік мектептердегі бала санынан әлдеқайда аз. 3-сынып оқушысы Орынбай Батырханның анасы Гүлжан Жұмабаева баласын сол себепті осы мектепке ауыстырған.

мектеп ата-анасы
Гүлжан Жұмабаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Әр ата-ана балаға ең сапалы білім беруге тырысады. Балабақшаны тәмамдап, баламызды мемлекеттік мектепке бердік. Алайда онда бір сыныпта 47-50 балаға дейін отырды. Ондай жерде сапалы білім жайлы айта алмайсың. Ал бұл мектепте қазір сыныпта 10 бала оқиды. Мұғалімдердің біліктілігі өте жоғары. Бұл жақта өте ерекше мейірімді орта қалыптасқан. Бәрі де ашық әрі қол ұшын беруге дайын тұрады. Тағы да ата-ана үшін маңызды нәрсе – мектеп балаға өте ыңғайлы өз формасын береді және тамағы өте сапалы, әртүрлі етіп беріледі. Алматыдағы кептелістерден баланы ары-бері үйірмелерге тасу қиындау. Ал бұл мектепте баламыз үй тапсырмасын орындап та, үйірмесіне қатысып та келеді. Бізде халық арасында «қазақ мектептерінде білім нашар, тәрбиесі баланы қысып ұстайды» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Бірақ Сүлейман Демирел атындағы колледж болсын, лицей болсын, осы бастауыш мектеп болсын, бұл пікірді жоққа шығарады — дейді Гүлжан Жұмабаева.

оқушы, интеллектум
«Интеллектум» үйірмесі. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
оқушылар, интеллектум
Топтық жұмыс. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бастауыш сыныптар ғана оқитын ғимарат болған соң бөлмелері өте ыңғайлы орналасқан. Мысалы, дәлізде балалар жүгіріп жүргенде ашылған есікке қағылып қалмауы үшін есік ашылатын арнайы дәліз жасалған. Сынып ішінде балалардың жеке сөрелерімен қоса, пуфиктер мен дөңгелек пішінде немесе жеке қойылатын парталар бар. Мектептің оқу ісі жөніндегі директорының орынбасары Айгүл Жақиянова бастауыш сыныпта бастысы баланы оқуды сүюге, үйренуге баулу деп есептейді. Бірінші сыныпқа балалар әртүрлі деңгеймен келетіндіктен мұғалімдердің оларды әрқайсының жеке ерекшеліктеріне қарай оқытуы маңызды.

оқушы, сабақ
Сауат ашу сабағы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір елімізде жаңартылған оқу бағдарламасы ата-анадан жаңа көзқарасты да талап етеді. Осы орайда Айгүл Жақиянова бастауыш сыныпта оқитын баласы бар ата-аналарға бірнеше кеңесін айтты.

Жақиянова Айгүл Назарқызы, мектеп
Жақиянова Айгүл Назарқызы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Баладан «неше алдың?» деп емес, «не үйрендің?» деп сұрау керек. Жаңа бағдарлама бойынша баланың білім деңгейі бағамен өлшенбейді. Бала нені түсініп, нені түсінбегенін өзі зерттей алатын деңгейде болуы керек. Одан соң баланы басқа сыныптастарымен салыстырмау керек. Бастауышта балаға шектен тыс талап қоймаған жөн. Білім алуға деген баланың шынайы құмарлығы табиғи жолмен оянуы керек. Оған баланы қорқытып немесе «сабақ оқысаң, мынаны беремін» дегендей нарықтық қатынаспен жете алмайсыз. Бала ата-анасынан қорықпауы керек, өз ойын ашық айта алғаны жөн. Қорқыныш жүрген жерде білім терең болмайды. 4-сыныпқа дейінгі ең маңызды жетістік  — баланың қанша сөз оқи алуы немесе қаншалықты тез есеп шығара алуы емес, «білсем, үйренсем» деген шынайы әуестігінің оянуы. Ал қалғанының бәрі әр адамға уақытымен әрқалай келеді. Ең бастысы, ата-ана баланы жақсы көріп, ықыласын барынша беруі керек. Баланың көңілі тоқ болмаса, ол өзіне назар аудартқысы келіп, бұзықтық жасауы мүмкін. Ал көңілі тоқ бала бар күшін басқа арнаға, оқуға, басқа да қызықтыратын нәрселерге бұрады, — дейді ол.

оқушы, шахмат
Шахмат уақыты. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
мектеп, SDCL
Оқушылар шығармашылығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Баланың тиімді білім алуы үшін Бала-Мектеп-Ата-ана үштігі біріге жұмыс істеуі қажет. Ата-аналарды оқу процесіне мейлінше араластыру үшін SDCL бастауыш мектебі ата-аналармен бірге тәрбие сағаттарын өткізіп тұрады, бірге киноға, театрға барады, сыныптан тыс басқа да шараларды ұйымдастырады.