Түркістан облысындағы мектеп түлегі ҰБТ-дан қалай 138 балл алды?

Абзал Әбдіманап Теспе орта мектебін жақсы үлгеріммен бітірген. ҰБТ-да биология және химия пәндерін таңдапты.

ҰБТ-ны маусымның 21-і күні аудан орталығы — Темірландағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте тапсырдым. Тестілеу сұрақтары маған оңай болды, өзім оқыған, жақсы білетін тақырыптар келді. Тест тапсыру кезінде бақылаушылар бәрін қарап жүрді, жоғары балды өзімнің таза біліміммен алып шықтым, — дейді Абзал.

Мектеп түлегі тіс дәрігері болғысы келеді. Медицина мамандығы бойынша оқуға құжат тапсырғалы отыр.

Өзімнен кейін тест тапсыратын талапкерлерге шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып кірмеуге кеңес беремін. Онымен бәрібір кіре алмайсыздар, камерадан бәрі көрінеді, бақылаушылар да қарап тұрады. Қатарластарыма айтарым, тек өздеріңізге сеніңіздер, сіздерге сәттілік тілеймін, — дейді.

Абзал ҰБТ-да 120 балл алуды мақсат еткен екен. Нәтижесі межеден асып түсті.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусымда басталды, 5 шілдеге дейін болады.