Білікті маман — баға жетпес кадр

Ісіне адал дәрігердің бірі — Қызылорда қаласындағы №3 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары, дәрігер акушер-гинеколог Нұрия Жұмағалиева. Ол — тәжірибелі маман, көптің алғысына бөлініп жүр. Әріптестерінің арасында да сый-құрметке ие. Қашанда еңбек жолын жаңадан бастаған жастарды тәрбиелеп, оларға білген-түйгенін үйретіп келеді. Еңбек жолын Қызылордадағы №2 қалалық емханада акушер-гинеколог болып бастаған. Еңбексүйгіштігімен, табандылығымын, біліктілігімен көзге түсіп, бас дәрігердің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Қазіргі таңда №3 қалалық емхана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары.

Нұрия Жұмағалиева. Фото: Қызылорда облысы Ішкі саясат бөлімі

Нұрия Жұмағалиева уақытпен санаспай еңбек етеді. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан әрқашан кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыруды ұмытпайды. Ол Польшаның Люблин қаласында Денсаулық сақтау саласындагы экономика және менеджмент тақырыбы жөнінде біліктілігін жетілдірген. Бірінші санатты акушер- гинеколог дәрігер осы күнге дейін «Гинекологияның таңдаулы сұрақтары, Акушерлік-гинекология» І санатты дәрігер, «Қоғамдық денсаулық сақтау» бойынша ІІ санатты дәрігер, денсаулық сақтау менеджменті мамандығы бойынша медициналық қызметті жүзеге асыру үшін маман сертификатын алды. Оған қоса, «УДЗ диагностика», «Жалпы дәрігерлік практика», «Диагностикалық кальпоскопия», АМБДЖИ «Сәулелі диагностика (УУД таңдау компоненті)», «Тәуелсіз сараптама», «Жаңартылған стандарттар бойынша аккредитациялау», «Медициналық ұйымдардағы ішкі аудит және науқасты қолдау ісі қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері», БШАЫЕ тақырыбы бойынша білімін жетілдіруден өткен.

Өзін білікті әрі ізденімпаз маман ретінде көрсетіп келеді. Емхананың қоғамдық өміріне де белсене араласады. Дәрігердің ұйымдастырушылық, жоспарлау мен қызметкерлерді ынталандыра алу қабілеті бар. Ауруды анықтау мен емдеудің қазіргі әдісін толық меңгерген, жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және бала көтеру жасындағы әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру мақсатында және ана, бала өлімін азайту бойынша еңбегі үшін Облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Құрмет грамотасымен», Емхана әкімшілігінің «Алғыс хатымен», «Senim денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының» «Құрмет грамотасымен», Nur Otan партиясы Қызылорда қалалық филиалының «Алғыс хатымен» марапатталған.

Қазір оңай кезең емес. Уақытпен санаспай қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып жүрген мұндай дәрігерлер жас мамандарға үлгі.