Александр Лукашенко Президент сайлауында жеңіске жетті

Ресми мәлімет бойынша Александр Лукашенкоға сайлаушылардың 80,23%-і, яғни 4 652 423 адам дауыс берген. Оның басты қарсыласы Светлана Тихановскаяға сайлаушылардың 9,9%-і немесе 574 312 адам дауыс берген. 6,02%-і кандидаттардың бәріне қарсы.

Бұл мәлімет тағы толықтырылады, бірақ айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын, — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Лидия Ермошина.

ОСК мәліметінше, сайлауға сайлаушылардың 84%-тен астамы қатысқан.

10 тамызға қараған түні мемлекеттік exit poll қазіргі Президент Александр Лукашенконың 79,9% дауыс алғанын хабарлаған соң елдің түрлі қаласында наразылық тұтанып, ел астанасы Минскіде наразылар мен арнайы жасақ қақтығысып қалған.

Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Қалаға әскери техника әкелініп, арнайы жасақ наразыларды тарату үшін көзден жас ағызатын газ, жарқылдақ граната қолданған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, автозак қағып кеткен бір адам ауруханада қайтыс болған. Наразылық акциясы кезінде шамамен 140 адам ұсталған. Беларусь тергеу комитеті «жаппай тәртіпсіздік» және «милиция өкілдеріне күш қолдану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған.