Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешов кешенді жоспарда көзделген бірқатар мәселені баяндады.
Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының жалпы құны 219,7 миллиард теңге болатын 119 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 156,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 50,6 миллиард теңге және басқа көздерден 12,4 миллиард теңге қаралды.
2020 жылға Кешенді жоспарды іске асыруға барлығы 69,4 миллиард теңге көзделген, оның ішінде республикалық бюджеттен 52,1 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 13,8 миллиард теңге, басқа көздерден 3,5 миллиард теңге көзделген.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2020 жылы 15,6 миллиард теңгенің 42 іс-шарасы қолдау тапты. Оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде 1,4 миллиард теңгенің 11 іс-шарасына қолдау көрсетілді. Қалған іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған бюджет шеңберінде кезең-кезеңімен шешілмек.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік-экономикалық жоспар экономиканы дамытумен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету, газ, энергия, жылу, сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу және басқа да мәселелер шешілуі қажеттігін атап өтті.
Биыл кешенді жоспар шеңберінде жаңа мұнай кен орындарын одан әрі игеру мақсатында Шу-Сарысу шөгінді бассейнін зерттеу басталады. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде Қызылордадағы ет комбинаты мен Қармақшыдағы құс фабрикасын салынып, оған 80-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ет өнімдерінің үлесі артып, ішкі нарықты қамту көзделеді.
Жиында кешенді жоспарда көзделген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бағытында қолға алынатын мәселелер қаралды. Биыл Қызылордада, Аралда, Қазалыда 43,6 шақырым су құбыры желілерін салу жоспарланып отыр. Осылайша, өңірде 4 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Сонымен қатар Тереңөзек, Жосалы және Арал ауданындағы Жақсықылыш кенттерін газдандыру жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде 37 мыңға жуық адам табиғи газды пайдаланып, көгілдір отынға қол жеткізеді.
Даму жоспарында инфрақұрылым мәселелері жан-жақты қаралған. Облыс көлемінде 136 шақырым жол жөнделеді. Бұл жергілікті жолдардың үлесін 69,0%-ке дейін көтеруге мүмкіндік береді.
Аяқ сумен қамтамасыз ету бағытында да мәселелер шешімін табады. Биыл Көкарал бөгетін салу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру, сондай-ақ Күміскеткен және Қараөзек су қоймаларын салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Бұл нысандарда құрылыс республикалық бюджет есебінен 2021 жылы басталады.
Кешенді жоспарды орындау нәтижесінде тұрғын үй құрылысы бағытында жаңа пәтерлер табысталады. Биыл 815 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін облыс көлемінде 698 пәтерлік 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Жиында аймақ басшысы ауқымды кешенді жоспарда көзделген мәселелердің уақытылы іске асып, атқарылған жұмыстар нәтижесі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруі керегін айтты.