Мемлекет басшысы Салтанат Рахымбекованың отбасына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам қайраткері, эколог, экономика ғылымдарының докторы Салтанат Рахымбекованың дүниеден өтуіне байланысты оның жұбайы Төлеутай Рахымбековке және отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Көңіл айту жеделхаты Ақорданың сайтында жарияланды.

Салтанат Темірқұлқызы әр жылдары қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй-коммунал шаруашылығы саласын жетілдіру, сонымен бірге «Жасыл» экономиканы дамыту бағытында көп іс атқарды. Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағының тең төрайымы, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті болып, еліміздегі саяси-қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, — делінген жеделхатта.

3 тамызда қоғам қайраткері, эколог, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Салтанат Рахымбекова 55 жасында пневмониядан қайтыс болды. Қаралы хабарды оның жұбайы Төлеутай Рахымбеков Facebook-те естіртті.

Менің Салтушам, менің Салтанатым мені мәңгіге тастап кетті, бізді тастап кетті, — деп жазды ол.