Байқауға қатысу үшін Абай Құнанбайұлының кез келген туындысын орындап, оны видеоға түсіріп, қазылар алқасына жіберу қажет еді. Енді 30 шілде сағат 00.00-ден бастап онлайн дауыс беру жарияланды. Кез келген көрермен сүйікті орындаушысына театрдың ресми Abay Theatre YouTube-каналында дауыс бере алады.

Байқауға 6 жастан бастап 72 жас аралығындағы Қазақстанның түкпір-түкпірінен орындаушылар қатысады. Қатысушылар Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда, Жаңаөзен, Қызылорда облысы, Павлодар, Түркістан облысы, Нұр-сұлтан, Өскемен, Семей, Тараз, Екібастұз, Ақтөбе, Арқалық және Монғолиядан өтініш жіберді.

Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы ауқымды бағдарлама дайындадық. Мерейтой аясында ТҮРКСОЙ елдерінің қатысушыларымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған еді. Пандемияға байланысты барлық іс-шараны кейінге қалдыруға тура келді. Бірақ онлайн байқау өткізіп, кәсіби емес орындаушыларды тыңдайық деп шештік, өйткені Абай – халық ақыны. Байқауға Түркі елдерінің өкілдері де қатыса алады, осылайша біз байқаудың мүмкіндігін кеңейтеміз, артистерді жанрлармен шектемейміз. Қатысушылар ойшылдың шығармаларын жеке де, ансамбльмен де орындай алады. Байқау таланттарды анықтауға арналған. Әділ онлайн дауыс беру аяқталғаннан кейін барлық жеңімпаз ұйымдастырушылардан грамота және дипломмен марапатталады, – деді ҚМАОБТ директоры Ая Қалиева.

Елде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры көрерменді және театр өнерінің жанкүйерлерін қуантып, қолдау көрсету мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Театр отандастарымызды осындай уақытта жауапкершілік пен сабырға шақырады және онлайн режимде мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша бастамаларды қолдайды.