7-22 шілде аралығында Өңірлік кеңес мүшелігіне үміткерлерді тіркеу жүргізілген. Тіркеуге өтініш берген кәсіпкерлердің ішінен комиссиясының шешімімен қағида талаптарына сай келген 37 кәсіпкер үміткерлер тізіміне енгізілді. Үміткерлікке тіркелген кәсіпкерлердің 30-ы — ер, жетеуі — әйел. Салалық құрылымдар бойынша жасалған талдау бойынша үміткерлердің сегізі — ауыл шаруашылығы саласында, сегізі — құрылыс, сегізі — сауда, үшеуі — медицина, екеуі — білім, қалған сегізі — жеңіл өнеркәсіп, туризм, қоғамдық тамақтандыру және өзге де салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер.

Үміткерлер тіркеліп болды. 25 шілде мен 3 тамыз аралығында Өңірлік кеңеске үміткерлер үгіт-насихат кампаниясын жүргізеді. Үгіт науқаны БАҚ арқылы, іс-шаралар, үгіт материалдарын шығару, тарату жолымен жүргізіледі. Ал 5-11 тамыз аралығында «дауыс беру» өтеді, – дейді Палата директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Дауыс беруге облыс аумағында тіркелген кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдар қатыса алады. Әрбір кәсіпкерлік субъектісі, қауымдастық және өзін-өзі реттейтін ұйымдар бірінші басшы немесе арнайы өкілі арқылы бір кандидат үшін дауыс бере алады.

Дауыс беру рәсімі онлайн режимде 5-11 тамыз аралығында Vote.atameken.kz интернет-порталында жүргізіледі. Облыстық кеңес мүшелерінің 60%-і облыс орталығындағы кәсіпкерлерден, 40%-і аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады, – дейді Палата директорының орынбасары.

Дауыс беру үшін сайттағы «дауыс беру» бөліміне өту қажет. Сол жерден Қызылорда облысын көрсетіп, үміткер таңдалады. Үміткердің аты-жөнін басу арқылы бағдарламасымен танысуға болады. Үміткер үшін дауысты SMS немесе электрон цифрлық қолтаңба арқылы беруге болады. SMS арқылы дауыс беру үшін ұйымның БСН, ЖСН нөмірлері, дауыс берушінің телефон нөмірі көрсетіледі. Содан соң нөмірге келген SMS кодты енгізу қажет.

ЭЦҚ арқылы дауыс беру үшін ұйымның кілтін таңдау жеткілікті. Cмартфон арқылы да дауыс беруге болады.